Балаева: Мемлекетшіл тұлғалар – Парламент жұмысына тың серпін әкеледі деп сенемін

12 Қаңтар 2021, 21:31
1407
Бөлісу:
Балаева: Мемлекетшіл тұлғалар – Парламент жұмысына тың серпін әкеледі деп сенемін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сайлау нәтижесі көрсеткендей – «Nur Otan» партиясы үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Бұл – сөз жоқ қоғамның тұрақтылығы мен үздіксіз дамуды қалаған халық таңдауы. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді.

Министрдің айтуына қарағанда, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросы бүгін Парламент Мәжілісі депутаттығына кандитаттар тізімін бекітті. Ұсынылған тізімді – кәсіби құрам деп атауға толық негіз бар. 

Біріншіден, Партияның Фракция құрамы 70%-ға жаңарды. Ел тарихында тұңғыш рет праймериз тәсілімен іріктеліп, жүзден жүйрік шыққан 36 жеңімпаз тізімге енгізілді. 40 кандидат Саяси кеңес Бюросының квотасы бойынша бекітілді. Екіншіден, тізімде заң қабылдау ісінде тәжірибесі мол Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаттары да бар. Бұл жаңадан қосылған депутаттар үшін таптырмас ақыл-кеңес алаңы. Себебі жұмыстағы жалғастықты жоғалтпай, қызметтегі сабақтастықты сақтаудың нәтижелі жұмыс үшін қашанда маңызы зор. Үшіншіден, депутаттар құрамы – ірі қоғамдық қайраткерлігімен, зиялы санаткерлігімен елге бұрыннан танымал азаматтармен толықты. Атап айтқанда, Берік Әбдіғали, Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан сынды елжанды, мемлекетшіл тұлғалар – Парламент жұмысына тың серпін, жаңаша леп әкеледі деп сенемін. Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінде тынбай еңбек еткен бұл азаматтар – қоғамдық пікірдің ішінде қайнап, халықтың мәселесін жете зерттеп, зерделген майталман мамандар екені даусыз. Төртіншіден, Парламенттегі жастар мен әйелдердің үлесін арттыру межесі – артығымен орындалды. Жаңа құрамның 40%-ы әйелдер мен Президенттік жастар кадр резервінен іріктелген өкілдерден тұрады - деді министр өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Сонымен қатар, Аида Балаева Саяси кеңесінің мүшесі ретінде депутаттыққа өткен барлық әріптестерін құттықтады.

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретінде депутаттыққа өткен барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының барша депутаттарына ел игілігі мен мемлекет мүддесі жолындағы қызметте толайым табыс, жемісті де нәтижелі еңбек тілеймін - деді Аида Ғалымқызы.
Өзгелердің жаңалығы