Балаева медицина қызметкерлеріне алғыс айтты

19 Маусым 2022, 12:48
1111
Бөлісу:
Балаева медицина қызметкерлеріне алғыс айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күнтізбеде арнайы қызыл датамен белгіленбесе де бүгін нағыз халықтық мейрам – Медицина қызметкерлері күні. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева медицина қызметкерлерін құттықтады.

Дәрігер мамандығының маңызы мен мәнін әсіресе соңғы екі жарым жыл ішінде қоғам әбден ұғынды деп ойлаймын. Әлемді әуреге салған ковид вирусы денсаулықтың қадірі мен айнала-жақындарымыздың амандығынан асқан дүние жоқ екенін көрсетті. Бас аман, бауыр бүтін тұрса – басқа қажеттінің барлығына жетуге де, қиындықтың бәрін жеңуге де болады. Себебі, қай заманда да бірінші байлық – денсаулық. Әрбір азаматтың саулығы – ұлттың денсаулығы, ал салауатты да саламатты ұлт – мықты мемлекеттің, күшті қоғамның кепілі. Сол бір тосыннан келген ауыр кезеңде, осыны терең ұғынған дәрігерлер қауымының атқарған еңбегі ерен болды, - деді ол. 

Балаева айтқандай, пандемия басталғаннан ең алдыңғы шептен табылып, күні-түні бел жазбай әрбір науқастың өмірі үшін күресті.

 Өкінішке қарай, араларында өздері де құрбан болды. Бірақ, ең бастысы кәсіпке деген адалдықтан айнымады. Әрбір науқасты емдеп шығару арқылы – тұтас халықтың денсаулығын сақтап қалды. Сондықтан осы бір қадірлі де құрметті кәсіп қызметкерлерін: дәрігерлер мен фельдшерлерді, медбикелер мен санитарларды, жедел-жәрдем жүргізушілерін, бір сөзбен айтқанда барлығына шексіз алғыс айтамыз. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, өмірлік күш-қуат, отбасының амандығын тілеймін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы