Балаева Әлімғазы Райымбековтің отбасына көңіл айтты

19 Қаңтар 2021, 13:09
1816
Бөлісу:
Балаева Әлімғазы Райымбековтің отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ өнері тағы бір тарланынан айырылды. Танымал актер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әлімғазы Райымбеков ағамыз өмірден озды, деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында. 

Көзінің тірісінде табиғи талантымен тәнті етіп, қарапайым болмысымен елінің ыстық ықыласына бөленген ағамыздың жарқын бейнесі халқының жүрегінде, ұрпақтың жадында мәңгілік жасай береді. Ағамыздың отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын! - деп жазды Аида Балаева.

Сондай-ақ танымал актердің отбасына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та көңіл айтты.
«Бес күн жалған», «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп дана халқымыз қалай дәл тауып айтқан? Екі ай бұрын ғана Әлімғазы атамызды қабылдап, 85 жасқа толуымен құттықтаған едім. Жыл соңында да бірнеше құрметті ақсақалмен бірге бас қосқан едік. Осы кездесуде Әлімғазы ақсақалдың батасын алдық. Ол кісі бізге әдеттегідей мықты денсаулық, ырыс-береке мен ұзақ ғұмыр тіледі. Бұдан кейін мені шақырып, қоштасып жатқанындай құшағына басып, маңдайымнан сүйді. Асыл ағамыздың рухы шат, иманды болсын! - деді Амандық Баталов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері, аты аңызға айналған актер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков өмірден озды.

Өзгелердің жаңалығы