Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығының Ақтөбе облысындағы күндері аясында «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері делегация құрамында Ақтөбе қаласының мектепке дейінгі ұйымдарын аралап, тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сапардың алғашқы күні «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казакпаева бастаған делегация №52 «Құлагер» балабақшасына экскурсия барысында балалардың белсенді қызмет орталықтары: «Тарихи баспалдақтар», «Пандора» планетасы, шеберхана мен кітапхананы аралады. «Айлин» жекеменшік балабақшасында изостудия, тұз шахтасы, Монтессори кабинеті, ағылшын және қазақ тілі кабинеттерінде болды.
Сонымен қатар «Ақтөбе облыстық білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы (түзетім) балабақшасына сапар барысында «Дельфа-142.1» тренажері арқылы логопедтің балалармен атқарылатын жұмысымен және «EduQuest» интеграцияланған жүйесі бойынша педагог-психологтың жұмысымен танысты.
Екі күндік бағдарлама аясында делегация өкілдері «№33 «Нұрсәт» балабақшасында дөңгелек үстел жұмысына қатысып, Ақтөбе облысының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагогтарымен тәжірибе алмасу жоспарланған. Шара барысында «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казакпаева «Желілік балабақша моделі» туралы, ал №3 «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Асель Садвакасова және ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеу секторының меңгерушісі Света Муралимова «Балабақшаға виртуалды серуендеу» презентациясын ұсынып, стратегиялық даму және инновация секторының меңгерушісі – ресурстық-білім беру орталығының әдіскері Құралай Түсіпова ECERS-3 шкаласын пайдалану, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру сапасын бағалауда аталған әдістемені қолданудағы тәжірибесімен бөлісетін болады.
«Қарлығаш» балабақшасы делегациясының Ақтөбе қаласының мектепке дейінгі ұйымдарына сапары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ақтөбе облысындағы күндері аясында өтуде. Шараға Медициналық орталықтың барлық ведомстволық бағынысты ұйымдары қатысады.