Балабақшалар тәрбие мен оқытудың жаңа моделі бойынша жұмыс істейді – Аймағамбетов

1 Ақпан 2022, 10:11
7168
Бөлісу:
Балабақшалар тәрбие мен оқытудың жаңа моделі бойынша жұмыс істейді – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым жүйесін дамыту бойынша жаңа мақсаттар мен міндеттер қойғанын атап өтті.

Аймағамбетов ең алдымен балабақша деңгейі бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқтала кетті.

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту қазір 99%-ға жетті. Ендігі кезекте біздің алдымызда балабақшалар бағдарламаларының мазмұны мен оқыту әдістемесін жақсарту және оларға деген талаптарды күшейтіп, жалпы сапасын арттыру міндеттері тұр. Ол үшін алдымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту моделі қабылданды. Оны биылғы жылы іске асырамыз, - деп айтты министр.

Білім басшысының сөзінше, осыған дейін кішкентай балаларға мектептегі сияқты кестеге сәйкес 20 минуттық сабақтар жүргізіліп келген болса, енді жаңа модель бойынша педагог оқыту мен тәрбиелеуді баланың бақшаға келген тұсынан бастап, осы жастағы балалардың физиологиялық және психологиялық қажеттіліктері бойынша ойын және коммуникациялар арқылы арнайы әдістемемен іске асырады.

Сонымен қатар балабақшалардың сапасын қамтамасыз ету үшін оларға талаптар күшейтіледі. Яғни материалдық-техникалық база, бейнебақылау жүйесі, педагогтардың біліктілігі, санитариялық, өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, мемлекеттік тапсырысты берудің басты талаптары болады. Соның ішінде жекеменшік балабақшалардан да балаларға қолайлы жағдай жасау ерекше талап етіледі, - деп айтты Асхат Аймағамбетов Үкіметте.

Одан бөлек, балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін, облыстардағы электронды кезектердің бәрі енді республика бойынша бірыңғай базаға еніп, біріктіріледі.

Өзгелердің жаңалығы