Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

24 Сәуір 2022, 10:18
6728
Бөлісу:
Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?
PHOTO
Фото: Бақытжан БАТЫРХАНҰЛЫ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігі мен Baq.kz редакциясы «Балалар жылына» орай бірлескен жоба бастады. Жоба аясында министрліктің өкілдері мектеп оқушыларына сабақтар өтеді. Ең алғашқы қауіпсіздік сабағы «Бала – басты жолаушы» тақырыбында ұйымдастырылды.

«Бала – басты жолаушы» тақырыбындағы қауіпсіздік сабағына елордадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектебінің 6-сынып оқушылары қатысты.

Бұл сабақта оқушылар жол жүру ережелеріне мұқият болуға, жол белгілерінің не үшін қажет екені және бағдаршамның атқаратын қызметі туралы толық мәлімет алды.

Ең алдымен балаларға жол апатының алдын алуға көмектесетін бейнероликтер көрсетілді.

Бала және бағдаршам

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақтоты Боранова балаларға көшедегі жол жүру ережелері туралы түсіндіріп берді.

Жаяу жүргіншілер жолағы бізге не үшін берілген? Әрине, автокөлікке арналған жолды қауіпсіз кесіп өту үшін берілген. Математика, қазақ тіліндегі ережелер сияқты жол жүру ережесін де жаттап алу қажет. Осы ережені үнемі есте сақтап, қасымыздағы балаларға айтып жүру керек. Мысалы, ата-анамызбен рұқсат етілмеген жерде жолды кесіп өттік делік. Енді осы жерде жол ережесін кім бұзып тұр? Әрине, ата-анамыз да, біз де бұзып тұрмыз. Өзім де көріп жүрмін, көп жағдайда ата-аналары балаларын жетектеп алады да, жолды кез келген жерден кесіп өте салады. Үлкендерге де олай жасауға болмайтынын айту керек. Үлкендермен кездесуде де мұндай қателікке жол беруге болмайтынын, себебі балалар үлкендердің жасаған іс-әрекеттерін қайталайтынын, сол үшін жолда жүргенде абай болу керегін ескертеміз, - деді ол.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Полицей балаларға осындай жағдайды байқаған жағдайда үлкендерге ережені бұзуға болмайтынын айтып, ескерту жасау қажеттігін түсіндірді. Себебі мұндай әрекеттер жолдағы келеңсіз оқиғаға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Біздің ең басты жұмысымыз – жолдағы апаттан сіздерді, балаларды, азаматтарды аман алып қалу, - деді Ақтоты Боранова.

Оның сөзінше, республикамызда жыл сайын жолдарда 2 мыңнан астам адам қаза табады. 

Ал сіздердің мектептеріңізде шамамен 2 мың оқушы бар. Яғни бұл бір жылда жер бетінен бір мектеп жоқ болып кетеді деген сөз. Бұл - жол ережелерін сақтамау салдарынан болып жатқан қайғылы оқиғалар. Яғни барлығымыз қоғам болып осымен күрессек, бір жылдың ішінде 2 мың адамның өмірін сақтап қалуға үлесімізді қосамыз. Ал биылдың 3 айында елімізде 410 адам қайтыс болды, - деп статистикалық мәліметтер келтірді полицей.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Ақтоты Боранова балаларды тағы да бір рет жолда жүргенде мұқият болуға шақырды.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебінің бірі – ол жол жүрісі қағидаларын жүргізушілердің сақтамауынан. Яғни жол-көлік оқиғаларының шамамен 95%-ына жүргізушілер кінәлі болады. Дегенмен жаяу жүргіншілер, яғни біз жол-көлік оқиғасына себепші болмауымыз керек. Қарапайым ережелерді сақтасақ, төтенше жағдайлардың болу ықтималдығын азайтуға болады. Сіздің және айналаңыздағылардың қауіпсіздігі жолдағы тәртіпке байланысты екенін есте сақтау қажет. Қазіргі таңда көліктердің үлкен жылдамдықпен жүруге техникалық мүмкіндігі жетеді. Бірақ автокөлік бірден тоқтай салмайтынын ұмытпау керек, - деп толықтырды маман.

Оның мәліметінше, жол-көлік оқиғасында қаза болған және онда жараланғандардың ¼ бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды. Жаяу жүргінші болу – өте қауіпті. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де байланысты.

Көбіне жол-көлік оқиғасына көшені бағдаршамның қызыл түсіне немесе рұқсат етілмеген жерде кесіп өтетін жаяу жүргіншілер кінәлі болады. Бағдаршам жоқ немесе уақытша істемей қалған жерде жолды қалай өту керек? Егер бағдаршам жоқ болса, онда жақын жердегі қиылысқа жақындау керек. Кейін жан-жағымызға қарап, жолды кесіп өту қажет.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Жол ережесін білмеу немесе оларды елемеу салдарынан, жолдың жүріс бөлігінде ойнайтын, белгіленбеген жерде көшені кесіп өтетін, құлағына құлаққап тағып алып немесе телефонға қарап, көлікке отыруды, олардан түсуді және басқа да ережелерді сақтамайтын балалар жол-көлік оқиғаларына себепші болады.

11 сәуір күні Шымкентте 11 жастағы бала автобустан түсе сала оның кетуін күтпей, артқы жағынан жолды кесіп өту үшін жүгіріп шықты. Жүгіріп өткенде жолдың оң жағынан КамАз келіп, баланы қағып кетті. Бұл жерде оқиға кімнің кінәсінен болып отыр? Ия, баланың кінәсі. Себебі автобустан түскен кезде алдымен автобустың кеткенін күту керек. Өйткені автобус бізге көру аймағын жауып тұр. Сол үшін автобустың кеткенін күтіп, содан кейін барып қана өту керек еді, - деп түсіндірді Ақтоты Боранова.

Биыл 3 айдың ішінде балалардың қатысуымен 465 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 33 бала қайтыс болды. Сондай-ақ биыл жол ережесін бұзған 6 500-ден астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни оларға жолда белгіленбеген жерден өткені үшін айыппұл салынды.

Балаларға 18 жастан бастап көше жол тораптарында велосипед айдауға рұқсат етіледі. Ал 18 жасқа дейінгі балаларға бұл көлік құралын тек аулаларда, арнайы алаңдарда айдау қажет.

Бала мен вейб

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары – ювеналды полиция қызметкерлері Майра Рашидова мен Азамат Наурызбаев «Кәмелекетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында дәріс оқыды.

Қазіргі таңда көп қозғалатын мәселелердің бірі – мектеп оқушыларының арасындағы электронды темекі. Оның не екенін, түрлерін ұлдар да, қыздар да біледі. Электронды темекінің құрамында химиялық заттар, яғни түрлі бояғыштар, сұйықтықтар бар. Балалардың ағзасы әлі жас болғандықтан оған тез тәуелді болып, үйреніп кетеді. Вейбтен темекідегідей түтін шықпайтындықтан мектеп оқушыларының арасында оны пайдаланатындар көп. Себебі оның иісі қатты шықпайды және оны балалар кіреберістерде, аулаларда ата-анасына көрсетпей қолданады. Вейб ол өкпе ауруына әкеп соғуы мүмкін. Одан бөлек, жүрек аурулары да пайда болады, - деді ювеналды полиция қызметкері Майра Рашидова.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Электронды темекіні пайдаланғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте көрсетілген 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бала 16 жасқа толған болса, онда баланың өзіне салынады. Ал егер 16 жасқа толмаса, онда ата-анасына айыппұл салынады.

Сонымен қатар кәмелет жасына толмаған балаларға темекі, электронды темекі сатқан дүкен иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Ал полицей Азамат Наурызбаев балалардың көбісі темекіні мектептің әжетханасында тығылып шегетінін айтады.

Ұстаздар оқушының темекі шегетінін ата-анасына айтады. Бірақ көп жағдайда оны ата-ана «біздің бала темекі шекпейді» деп мойындай бермейді. Кейбірі «менің балам спортшы» деп айтады. Біз көбінесе мұғалімге егер оқушы темекі шегіп тұрған жерінен ұсталып қалса, сол сәтті суретке, видеоға түсіріп алуды ұсынамыз. Ол баланың темекі шегетінін ата-анаға дәлел ретінде көрсету үшін қажет. Өйткені кәмелетке толмаған балалар заңнан қорықпайды, олар тек ата-анасынан қорқады, - дейді полицей.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Наурызбаев атап өткендей, никотин ол миды кептіріп тастайды. Сол себепті темекіден аулақ болу керек. 

Бұл әркімге өз өмірі үшін қажет. Темекі шексең, өзіңе зиян келеді. Ал шекпей, керісінше спортпен шұғылдансаң, денің сау болады. Сонымен қатар мектепте балалар бір-біріне боқауыз, былапыт сөздер айтады. 334-бап бойынша егер құқық бұзылса, онда баланың ата-анасына айыппұл салынады. Ол материал сотқа жіберіледі. Ал егер осындай бұзушылық екінші рет қайталанса, онда полицейлер баланы есепке қояды. Одан бөлек, сабақты себепсіз жиі босататын балалар да болады. Осы ретте бізде «дәлелсіз, себепсіз сабаққа келмеу» туралы есеп бар. Яғни сабақтан себепсіз қалатын балаларды есепке қоямыз. Ол құжатта бала 1 жыл бойы тұрады және полицейлер ай сайын барып, тексеріп отырады, - деп түсіндірді полицей.

Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес 335-бап бойынша төбелескен балаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Оқушылар сабақтан не түйді?

Біз жолда жүру ережелерін қатаң сақтауымыз керек. Сынып жетекшіміз де жолда жүру қауіпсіздігіне байланысты тәрбие сағаттарын өткізіп, ережелерді есімізге салып отырады. Әсіресе кешке кептеліс кезінде жолдан өткенде мұқият болуымыз керек, - дейді 6-сынып оқушысы Айша Иманжүсіп.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Айша бүгінгі профилактикалық сабақтан өзіне жаңа ақпарат алғанын айтты.

Бүгінгі сабақта жол жүру ережесін сақтауымыз қажет екенін тағы бір рет үйрендік. Мен жолдан өткенде алдымен оңға және солға қараймын, көлік жоқ болған жағдайда жолдан өтемін. Жаңа дәріс оқыған полицей апай келтірген мысалдағы баланың қателігін қайталамауымыз керек. Одан бөлек, электронды темекіні пайдаланудан да аулақ болуға тиіспіз. Өйткені ол біз әлі кішкентай болғандықтан ағзамызға өте зиянды. 

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Ал 6-сынып оқушысы Ертай Естай сабақ өзіне ұнағанын айтады.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Бүгінгі қауіпсіздік сабағы маған ұнады. Сабақта біз жол жүру ережелерін үйрендік, білмеген жаңа мәліметтерді үйрене алдық. Бізге сабақ басталғанда жол жүру ережесін қалай сақтауымыз қажет екені туралы роликтер көрсетілді. Роликте ережені сақтамағандықтан қайғылы жағдайға ұшырағандарды мысалға келтіріп көрсетіп берді, - деді оқушы.

Ол бұған дейін электронды темекі туралы естігенін айтты. Профилактикалыұ сабақтан Ертай Естай оның зиянды әдет екенін түсіне білді.

Сонымен қатар дәріске қатысқан Тәңірберген Байдалы да сабақтың пайдалы болғанын айтып, өзінің жіберіп жүрген қателігін түсінгенін жеткізді.

Бүгін сабақта полицей апай, ағайлар көп мәселені ашып, түсіндіре білді. Олар көтерген проблемалар соңғы кездері көз алдымда болып та жүр. Мысалы, мен үйірмеге барамын. Оған баратын достарым да көп. Үйірмеден шыққанда олар көшенің арғы жақ бетіндегі аялдамаға бару үшін жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өте салады. Бірақ алға қарай 3-4 метр жүрсе, бағдаршам да тұр. Бірақ достарым бағдаршамға баруға ерініп, жолды кесіп өтеді. Мен де достарыма еріп, солай өтетінмін. Бірақ бүгінгі сабақтан кейін достарымның да, өзімнің де қателігімді түсіндім. Енді осы қателіктерді жібермеуге тырысамын және достарыма да айтамын, - дейді Тәңірберген Байдалы.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұраш Ысқақова осындай іс-шараның оқушылар арасында жиі өткізіліп тұрғанын қолдайды.

Президентіміз биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған байланысты бүгін мектебімізде үлкен іс-шара өтті. Сабақта баланың өмір қауіпсіздігіне қажетті тақырыптар қозғалды. ІІМ және Baq.kz ақпарат агенттігімен тығыз байланыста жұмыс істеп отырмыз. Құқық қорғау органдарының мамандары балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін түсіндіріп, жол жүру ережесін бұзбау керегін түсіндірді. Олар ереженің сақталмауы салдарынан мектеп жасындағы балалардың әртүрлі қайғылы оқиғаларға ұшырап жатқанын айтты. Әрине бұл тақырып төңірігенде мектебімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бірақ тек мектеп қана айтып қоймай, құқық қорғау органдарының қызметкерлері түсіндіргенін балалар басқаша ұғады деп ойлаймын, - дейді Нұраш Ысқақова.

Сондай-ақ сабақта жасөспірімдер арасында белең алып кеткен электронды темекінің зияны туралы да әңгіме болды.

Мектеп әкімшілігінің өкілі дәрісті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Профилактикалық сабақ соңында мектеп кітапханасына детектив шығармалар жанрындағы «Серт» республикалық байқауы жеңімпаздарының туындылары табыс етілді. Бұл жинақта полиция қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігі мен шытырман оқиғалары бейнеленген.

Бала және бағдаршам: Оқушылар жол жүру ережелерін біле ме?

Сонымен қатар 6-сынып оқушыларына қазіргі заман қаһарманына айналған, батыр полицейіміз Ғазиз Байтасовтың өмір жолы мен ерлік істері туралы кітап пен жадынама таратылды.

Одан бөлек, бір топ оқушы полицейлермен бірге мектеп маңындағы бағдаршамнан жол жүру ережесін сақтай отырып, қалай өту керегін тәжірибе жүзінде үйренді.

Өзгелердің жаңалығы