Бала тәрбиесі. Ата-ананың 4 қателігі

24 Наурыз 2023, 19:37
2061
Бөлісу:
Бала тәрбиесі. Ата-ананың 4 қателігі
Фото: Аргументы и факты

Психологтің сөзінше, өзін-өзі бағалау адам өмірінде маңызды аспект саналады. Біз өзімізді қалай қабылдаймыз, қоршаған ортамыз бізді қалай қабылдайды, болашақта қанша табыс табамыз, жеке өміріміздің сәтті болуы осы қасиетке байланысты. Дегенмен кей кезде ата-ана өмірдің дұрыс қалыптасуына қажет осы дүниені балалық шақта өз қолдарымен "жоқ" қылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Doctorpit сарапшысы айтып өткендей, адамның өзін-өзі бағалай алу қасиеті ерте балалық шақта қалыптасады. Көптеген психолог сегіз жастағы бала ата-анасынан жан-жақты тәрбие алып, аз-маз тәжірибе жинақтап, соны алдағы өмірінде басшылыққа алатын қалыптасқан тұлға деп есептейді.

Біз бәріміз бала тәрбиесінде қателік жібереміз. Бұл қалыпты жағдай, ебебі ана мен әке - тірі адамдар. Алайда бала өзін жақсы көретін, өз-өзіне сенімді адам болып өсуі үшін тәрбие барысындағы қателіктерді азайтуға күш салу қажет, - деді психолог Джеффри Бернштейн.

Сарапшының айтуынша, бала тәрбиесінде келесі әрекеттерге баруға болмайды.

Қателіктерін бетіне басу

Көп жағдайда ата-ана баланың жіберген қателігін бетіне баса береді. Ол сынған ваза, сынған телефон, балабақшада жылағаны болуы мүмкін. Шын мәнінде бұлай әр қателікті қайталап айта берген дұрыс емес. Бір рет айттыңыз ба, енді бұл тақырыпты қозғамаңыз. Әйтпесе сіз баланы сенімдлігінен арылтып, өкпелегіш болып өсуіне үлес қосасыз.

Бала мәселе шешілген соң, ол өткен шақтың бір бөлігі болып қалатынын түсінуі керек. Баланың әр жақсы қылығына, таңдауына қолдау білдірсеңіз, болашақта ол өз-өзін жақсы көретін тұлға болып қалыптасады, - деді ол.

Өз-өзін кінәлі сезіндіру

Бұл жақсылыққа апармайтын әдістемелердің бірі саналады. Ата-ана үнемі баланы кінәлай береді. Ол оның сабақта екі алғаны, ыдыс жумағаны, жаңа күртені жыртқаны болуы мүмкін.

Немесе бұл психологиялық манипуляция болуы ықтимал: үйге кеш келгенің үшін қан қысымым жоғарылады! Бақылауда ұстау үшін кінәлау әдісін жиі пайдаланатын ата-ана болашақта баласынан жырақтап қалуы мүмкін екенін еске саламыз.

Балалар сізге сенім білдіруі керек. Олар сізбен ішінде туындаған мәселелерімен, күдіктерімен бөлісе бастайды. Ал сіз аналық кеңесіңізді беріп, бағыттап отыратын боласыз. Сол арқылы болашақта басқаларға да сенім артуды да үйретесіз, - деп түсіндірді психолог.

Мысқылдап сөйлеу

Сарказм балалар тұрмақ, тіпті ересектерге де ұнамайды. Біріншіден, олар оны түсінбейді. Екіншіден, әр мысқылыңыз баланы ұялтып, баланың нәзік жүрегін жаралайды. Сәйкесінше өз-өзін бағалауы да төмендеп кетеді.

Балалармен мысқылдап сөйлеспеген дұрыс. Олармен ашық, әрі жұмсақ сөйлесіңіз. Бала ана мен әкенің қасы өзін тыныш сезінетін "қауіпсіз жері" екенін сөзсіз түсінуі керек.

Ұрып-соғу және айқайлау

Балаға қол жұмсау, айқайлау, оның өз-өзіне сенімділігін айтарлықтай төмендетеді. Бұл ретте "жай" желкеден қойып қалу да қол жұмсау саналады.

Осылайша сіз баланы кемсітіп қана қоймай, оны агрессор ретінде қалыптасуына жол ашасыз. Жоқ, ол өз қателігін түсінбейді. Бала өзіне не ата-анасына ренжіп, қатты жылай беретін болады, - деді Джеффри Бернштейн.

Бернштейннің айтуынша, адам өз ашуын бақылап үйренуі керек. Басқа бөлмеге шығып кетіңіз, қағаз жыртыңыз, тіпті шыдай алмасаңыз жастыққа айқайлаңыз. Бірақ та ешқашан ашуыңызды баладан алмаңыз.

Өзгелердің жаңалығы