Бала тәрбиесі. АҚШ балаға қалай бағыт береді?

12 Қазан 2023, 14:03
4697
Бөлісу:
Бала тәрбиесі. АҚШ балаға қалай бағыт береді?
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Бала тәрбиесі - адам тәрбиесі. Баланы жетілдіру, адам қылу - ата-ана міндеті. Алайда балабақша дейміз, қосымша үйірмелер дейміз, бала мен ата-ана қарым-қатынасы алыстап кеткені айтпаса да түсінікті. Ата - аналар «екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жетпей жатады» дегенді айтады. Қай қоғамда да бала тәрбиесі өзекті. 

Тәрбие мәдениеттен басталады, ал мәдениеттің басты құралы - ана тілі. Шетелде тұрмақ, еліміздің өзінде кейбір отбасында қолданыста көбіне ана тілі емес, оны мойындау қажет. Ал шетелде тұратын қазақ отбасыларында ана тілі мәселесі қалай? Шетелде туып-өскен қазақ балаларына мәдениетімізді қалай ұмыттырмауға болады? Тәрбиеге шетел мәдениеті қалай әсер етеді? Не дегенмен қазақы көзқарас бөлек қой. Осыған қатысты шетелде бес жыл тұрып, бала тәрбиелеп жүрген отандасымыз Ақмаржан Қасмағанбетовамен сұқбаттасқан едік.

Өзіңіз туралы айтып кетсеңіз. Шетелде тұрып жатқандарыңызға қанша уақыт болды?

2017 жылдан бастап АҚШ-та (Солтүстік Каролина штаты) тұрып жатырмыз. Екі бала тәрбиелеп отырмыз: біреуі балабақшада, екіншісі 3-сынып оқушысы. Жұбайымның оқуы бойынша отбасымызбен көшіп келген болатынбыз. Осында тұрып жатқанымызға 5 жылдай болды. Бес жылдың ішінде 2021 жылы елге оқуға байланысты материалдар жинауға уақытша келген болатынбыз. Қайтып келуіміз, балалардың оқуына мектепке орналасу кезінде әсерін тигізді. Осы туралы алда толығырақ айтып беремін. Осылай екі жылдай елде тұрып, биыл қайтадан АҚШ-қа оралдық.

Балаларыңыздың жаңа ортаға бейімделу процесі қалай өтті? Басқа орта қалай әсер етті? Тәрбиеге ше?

Америкаға көшіп келгенде тұңғышым 2 жаста болатын. Ол туғанынан ортаға тез бейімделіп кететін қасиеті бар, өте ашық бала, қиындық тумады, балалар негізі кез келген ортаға тез бейімделгіш болып келеді ғой. Екінші балам осында дүниеге келді, балабақшаға барып, осы ортаны сіңіріп, өсіп келеді. Ал тәрбиеге, ата-анадан бөлек, қосымша білім, тәжірибе , басқа елде тұру, оның мәдениетімен танысу оң септігін тигізді деп ойлаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, балалар тез бейімделеді. Негізі бейімделу процесі әркімде әртүрлі ғой. Айта кетейін, 2021 жылы Қазақстанға келгенімізде тұңғышымызды мектепке орналастыру кезінде білім жүйесінде біраз айырмашылық сезілді. Баламыз негізінен жазуды мектепке дейін танып, кішкентайынан кітап оқып, зерек болып өсіп келеді. Америкадан дайындық сыныпты бітіріп келген баламыздың деңгейі мен елордалық мектептің деңгейі сәйкес келмеді. Сөйтіп мектеп басшылығымен талқылап, арнайы емтихан тапсырып, бірден 2-сыныпқа көшкен еді. Баламыз Астанада ағылшын сыныбына барды. Сондықтан бұл тек ағылшын тіліндегі сыныптардың бағдарламасына қатысты ойым.

Тәрбие мәселесі кез келген ата-ананы алаңдататыны анық. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде, қоғамда бала тәрбиесі туралы түрлі ой ашық айтылып, қарама-қайшылық көбеюде. Балабақша дейміз, қосымша үйірмелер дейміз. Күйбең тірліктің салдарынан ата-аналар балаларына тиісті көңіл аударып жүр ме? Бала қараусыз, қорғансыз қалып қоймай ма?

Үйден тыс бос уақыттарында айналысатын қосымша үйірмелер, әрине, үйдің тәрбиесін алмастыра алмайды, бірақ әсер ететіні анық. Ең бастысы, ата-ананың тәрбиесі басымырақ болу керек. Негізгі тәрбие - үйден, себебі балабақшаны да, мектепті де, үйірмелерді де таңдайтын-ата-ана, бағыт-бағдар беруші де ата-ана.

Бала тәрбиесі. АҚШ балаға қалай бағыт береді?

Бізде «баланың тамағы тоқ, көйлегі көк» болса соны тәрбие» деп түсінетіндер бар, ал АҚШ-та бала тәрбиесі «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Сіз қай ұстанымға сүйенесіз? 

Әр отбасыда түрлі жағдайлар болып жатады. Кез-келген ата-ана баласына ең жақсысын ұсынсам деп ұмтылады. Сіз айтқан екі түсініктің астарында көзге көріне бермейтін, көбі түсіне бермейтін бір астарлы мағына бар. Бәрі-бір баланың қамы. Ата-ана болғандықтан, бала қараусыз, қорғансыз қалып қоймасын деп барлық қолындағысын беруге тырысады. Қазір Қазақстанда ұстаным сол күйі деп айта алмаймын. Заманына қарай көзқарас та өзгереді ғой, сол сияқты қажеттіліктер де, ұстанымдар да заманға сай өзгеше болатыны анық. Қазір көп ата-ана баланың негізгі адами қажеттіліктерінен бөлек қосымша тұлғалық қарым-қабілетінің дамуына, болашағына керек мүмкіндіктерді туындатуға тырысып жатыр деп ойлаймын.

Күнделікті баламен тілдесуде ана тілді қаншалықты қолданасыз? Шетелде тұратын азаматтарға тілді ұмытпас үшін не істеу қажет?

Баламен жастайынан ана тілде сөйлесуді жөн санаймын. Жолдасым екеуіміз тілге аса көңіл бөлеміз. Күнделікті тұрмыста қолдануға тырысамыз. Балаларым балабақшада, мектепте ағылшынша сөйлеп келеді де, тұрмыста да сөйлей беруге жеңіл деп, әрі қарай сол тілде жалғастырғанды жөн көреді. Демалыс күндері тек ана тілімізде сөйлесуді әдетке айналдырдық. Сонымен қатар осында тұрып жатқан қазақ отбасылармен араласамыз, олардың да көмегі бар. Тілді ұмытпас үшін үйдегі қолданыстан бөлек кейбір ақпараттарды қазақ тілінде беруге тура келетін де жағдайлар болады. Әрине, елден алып келген, достарымыз берген қазақша кітаптарымыз бар, ақпаратты интернеттен де оқуға болады. Аударманың жағдайы, өкінішке қарай, кейбірі бала тіліне ыңғайлы бола бермейді. Таңдау өте аз, бірақ бірін тапсаң, бірін таба бермейсің. Жалпы айтпағым, тілді ұмытпау үшін ол үнемі қолданыста болу керек.

Бала тәрбиесі. АҚШ балаға қалай бағыт береді?

Білім де тәрбиенің ажырамас бөлігі демекші, батыс елдері де өзіндік білім жүйесімен ерекше көзге түскен, шетел мектептеріндегі білімді қалай бағалайсыз? Шетелдік білім жүйесінен қорқыныш туындаған жоқ па? Не дегенмен ол жақта бәрі еркін деп жатады ...

Америкалық білім беру жүйесі бойынша қысқаша айтып өтейін. Мектепте білім жүйесі бастауыш, орта, жоғары сыныптарға бөлінеді. Сәйкесінше, ғимараттары да бөлек орналасқан. Қателеспесем, Еуропа елдерінде де солай. Менің ойымша, қауіпсіздік жағынан осы дұрыс деп ойлаймын. Яғни, бұл жүйе бастауыш пен жоғары сынып оқушылары арасында әлімжетік әрекеттері орын алмас үшін тиімді ойластырылған. Бір кезеңге фокус қойылады. Мысалы, АҚШ-та бастауыш сынып оқушыларына арналған арнайы бір психолог, бір кеңесші, кейде қосымша бір психиатр де болады, ал, бізде ше? Бізде 1-11 cыныбы бар үлкен бір мектепке - бір психолог. Былай ойлап қарасаңыз, әр кезеңнің өз ортасы, қажеттіліктері, қызығушылықтары бөлек қарастырылуы керек емес пе?! Бастауыш сыныптардан бастап балаларға барлық ресурс қолжетімді, кез келген тақырыпта еркін сөйлеуге, ойымен бөлісуге, оны жеткізуге, талдау жасауға жан-жақты мән беріледі. Ешқандай қорқынышсыз, керісінше сеніммен қарадық. Салыстырмалы түрде мысал келтіре салайын, балаларға өзіндік жұмысқа акцент қойылады, сабақ жоспарынан тыс сағаттар бөлінеді. Берілген үй не сынып тапсырмасын орындаған бала қосымша тапсырма сұрай алады. Ал Қазақстанда дәстүрлі мектептерде бәрі жоспар бойынша өтеді. Мұғалімдердің жетіспеушілігінен дейді де, барлық сағатты қосып алып, балаларға қосымша уақыт таба алмай жүретіндер қаншама?! Сосын материалдар күрделілеу келеді, жаңа ақпаратты бекітіп, жан-жақты талдауға, толықтай меңгеруге аз уақыт бөлінеді. Ал Америкада бастауыш сыныптарда білім жүйесі баланың жасына сай жеңілдеу құрастырылған, бірақ та ойлау қабілетіне, өмірлік құндылықтарға, «life skills» дейді ғой, қарым-қатынасқа, қоғамға араласуға, ең бастысы «critical thinking» сыни ойлауға көбірек мән беріледі.

Бала тәрбиесі. АҚШ балаға қалай бағыт береді?

Қоғам мен бала байланысын қалай нығайтуға болады? Ата-ана ретінде пікіріңізбен бөліссеңіз.

Баламен кез келген жағдай болмасын байланыста болу керек деп ойлаймын. Байланыста болу байланып отыру деген сөз емес, керек кезде баланың мақсатын айқындауға көмектесу, бағыт-бағдарын беру. Бұл - бала тәрбиесінің ең маңызды бөлігі. Қоғам мен баланың қарым-қатынасы сонда ғана реттеледі деп ойлаймын.

- Ақмаржан, өзіңіздің жеке тәжірибеңізбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Өзгелердің жаңалығы