Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2020 жылдың 5 айында кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың 3, ал 2019 жылы - 5 жағдайын анықтады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 12 маусымда атап өтілетін Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күні аясында жұмыс берушілерді балаларды жұмысқа заңсыз тартуға жол бермеуге шақырады.
Балалар еңбегі – бұл баланың денсаулығына қауіп төндіретін немесе оның білім алуына кедергі келтіретін немесе денсаулығына, физикалық, ақыл-ой, рухани, адамгершілік және әлеуметтік дамуына зиян келтіретін жұмыс.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша әлемде 218 миллион бала жұмыс істеуге мәжбүр, олардың 73 миллионы қауіпті еңбекпен айналысады.
Қазақстанда 2020-2022 жылдарға арналған балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою саясатын жетілдіру, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету, балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою туралы заңнаманың сақталуын тексеру және т.б. бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы 5 жыл ішінде республикада темекі және мақта салаларындағы балалар еңбегін жою бойынша тиімді шаралар қабылданды, балалардың құқығын қорғау саласында тиімді құқықтық база құрылды.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балалардың еңбегін пайдалану көбінесе жазғы демалыс кезеңінде орын алады. Бұл кезде 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар шағын бизнеске тартылады: базарларда, көлік жуу және автокөлік жөндеу станцияларында, қоғамдық тамақтану орындарында (мейрамханалар, дәмханадар) және т.б. жерлерде жұмыс істейді. Аталмыш жағдайларда жиі кездесетін бұзушылық - еңбек шартының болмауы.
Елімізде республикалық және өңірлік деңгейлерде кез-келген бала немесе ересек адам қоңырау шалып, өз проблемалары туралы айта алатын сенім телефондары жұмыс істейді (Балалар құқығын қорғау комитетінің сенім телефоны - 74-25-28, Ұлттық телефон желісі - 150).
Еңбекмині жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын сақтауға және тыйым салынған балалар еңбегін пайдалануға жол бермеуге шақырады.