Бала кезімде Анатомияны оқып, жәндіктердің ішкі құрылысын тексеретінмін - дәрігер

17 Маусым 2022, 09:15
2283
Бөлісу:
Бала кезімде Анатомияны оқып, жәндіктердің ішкі құрылысын тексеретінмін - дәрігер
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз дәрігер болуды бала кезден армандап, мақсатына жете білген  Әлия Бекматова. Алматыдағы №1 қалалық аурухананың Кардиологиялық оңалту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп жатқан ол дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. 

Екінші сыныпта жүргенде Анатомия кітабын оқып, адам ағзасын жатқа білген екен. Онымен қоймай бақа-шаян, құрт-құмырсқаның ішкі құрылысын тексеріп, адам ағзасымен салыстырып отырыпты. 

Әлия Бекматова  ата-анасы дәрігер болғандықтан бала кезінен медицина саласына қызығып өскен. Өзінің болашақ мамандығын мектепке бармай жатып таңдап қойған десек артық емес.

Дәрігерлікті таңдауымның себебі әке-шешем дәрігер болды. Әкем фтизиопульманолог, анам тіс дәрігері болды. Әкем көп жылдар басқарушылық қызметті атқарып, 12 жыл ауруханада бас дәрігер болды.  Ата-анам дәрігер болған соң дастархан басындағы әңгіменің барлығы медицинаға қатысты болатын. Әрдайым ауруханадағы жағдайды талқылап, медицина жайын айтады. Олардың әңгімесі бізге қызық еді. Кейде екеуі жұмыс барысын әңгімелеп отырып дауласып та қалатын,-деп еске алады Ә. Бекматова.

Дәрігердің айтуынша, әкесі өзі ісіне адал, үнемі ізденіс үстінде жүретін әрі көп оқыған адам болыпты. Үйлерінің бір бөлмесі әкелерінің жеке кітапханасына арналыпты. Онда медицинаға қатысты кітаптар тізіліп тұрады екен. Кішкентай Әлия сол кітаптарға қызығып, шетінен оқып тұрады екен. Екінші сыныпта жүргенінде Анатомияны оқып, адамның дене құрылысын түгелдей оқып,  жаттап алады. 

Адамда қанша омыртқа бар, қандай ағзадан тұрады дегенді жатқа айтып беретінмін. Өзімнен екі жас үлкен ағам бар, ол да медицина саласында қызмет етеді. Сол екеуіміз жастайымыздан медицинаға қызықтық. Үйде үлкендердің «науқастың өкпесі мынандай болып шықты» немесе «тісінде мынандай процес болды» деген сөздерін тыңдап жүргендіктен бе жәндіктердің ішкі құрылысын тексеретінбіз. Бақа, шаянның, құрт-құмырсқа, қоңыз, араның ішкі құрылысы, жүрегі қандай болады деп қарайтын едік. Кейін әкем зоология кітабын әкеп берді. Ол жануарлардың ағзасын терең білуге, салыстыру үшін пайдасын тигізді. Жалпы Анатомияны оқығандықтан оқуға тапсырғанда ағзаның қандай болатынын, қай жерде тұратынын біліп тұрдық. Оның барлығы оқуда  жүргенде пайдасын тигізді,-дейді дәрігер. 

Ата-анасы дәрігер болғандықтан көрші қолаң, ағайын-туыс денсаулығы сыр берсе алдымен солардың үйіне барып қаралады екен. Үйлері кіші-гірім амбулаторияның қызметін атқарған. Адам емдегенді қызық көрген Әлия әкесінің бір жағынан шығысып, көмектескенді жақсы көрген екен. 

Ес білгелі үйдің алдында 10-15 адам отырады, бәрі әкеме қаралуға келгендер. Әкем қолы бос кезінде олардың кеудесін тыңдап, қан қысымын өлшеп, ем-домын жазып береді. Мен әкемнің көмекшісі болдым, 3-ші сыныпта жүргенімде адамның қан қысымын өлшеуді үйреніп алдым. Ал, анам арасында система салып беретін. Бала кезден дәрігер болуға қызыққаннан ба анамның система салатын құралдарын қайнатып, утилизация жасап беретінмін.  Ол кезде қазіргідей бірретік құралдар жоқ еді. Темір ыдыс болушы еді, соны газға қойып медициналық құралдарын суға қайнатамын. Кейде адамдар түнгі сағат 2-3-те келетін. Балаларының дене қызуы көтеріліп кететін кездер болады. Әкемнің дәрі сауытында аналгин, димидрол қорабымен тұрады. Оған қоса система салатын құралдар да жуылып, дайын тұрады. Мен 7 сыныпқа барғанда адамдарға укол салуды үйрендім. Ал, мектепті тамамдағанда жартылай медбике болып шықтым десем болады. Кейін көршілер үйде ата-анам болмаса «Әлия бар болса болды» дейтін жағдайға жетті. Қан қысымдары жоғары болса уколдарын салып берем, жарты сағат отырып денсаулығы жақсарған соң рахметін айтып,  үйлеріне қайтатын. Оған мен мәзбін, адамдарды емдеп жатырмын деп, төбем көкке жететін. Үйде бес ағайындымыз, соның ішінде ағам екеуіміз медицина жолын таңдадық,-дейді  Әлия Бекматова.

Мектепті тамамдап Алматыдағы медицина институтына оқуға түскенде де әкесі әрдайым қадағалап, білімдерін тексеріп отырады екен. Әлия ағасы екеуі медицинеа мамандығы бойынша білім алып жүргенде арасында әкелері келіп, оқып жатқан бағдарламалары бойынша емтихан алып тұрады екен. Егер сұраққа жауап бере алмай қалса сөгіс естиді. 

Әкем баға үшін емес, білім үшін оқыңдар дейтін. Бағаның артына түсіп, білім жинай алмай қалмаңдар деп отыратын. Үнемі ағам екеуімізден емтихан алып отырды. Бірдеңені дұрыс білмей қалсақ ұрсып, мынан қайтадан оқы деп бағдар көрсететін. Каникулда үйге барғанда қалың кітаптарды ала кетем, соны оқумен болам. Сессияны тапсырып болғанда қасымдағы курстастарым қуанып жатса, маған әлі ерте еді. Өйткені басты емтиханды әкемнің алдында тапсыратынмын. Бізде ағылшын терминдері көп қой, соны әкем шетінен сұрап қалады, егер жауап бере алмасам сөгіс естимін. Әкем үнемі «медициналық институт білімдеріңнің іргетасы» деп айтып отыратын. Егер клиникалық базаны, теорияны мықтап үйренбесеңдер, ертең клиникалық ойлау болмайды деп ескертетін. Біреуді емдеу үшін алдымен нені емдеу керегін білулерің керек, дейтін. Ал, оны емдеу үшін оның бүкіл физиологиясын білуің керек деп, үйретіп отырды. Марқұм әкеміздің сондай талап қойып, бізді ізденуге итермелеп отырғаны үшін ризамын. Әкемнің бір сөзі әлі есімде. «Гипократқа ант бересіңдер, бірақ ертең ақша қуып кетпеңдер. Үстілеріңе ақ халат киген соң дәрігер екендеріңді естен шығармаңдар. Алдарыңа қандай адам келсе де оған көмектесуге міндеттісіңдер» деген сөзі мәңгі көкейімде,-дейді дәрігер.

Әлия Бекматова әулеттерінде 20 дәрігер барын айтады. Оған медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан жастарды қоссаңыз тіптен көп. Екі туысы Дубайда нейрохирург болып жұмыс істеп жатыр екен. Ағасының үш қызы да медицина мамандығын таңдаған, мектептегі ұлы да тіс дәрігері болуды армандайды екен. 

Туыстарымыздың бәрінің отбасында бір-бірден медицина маманы бар. 7 жастағы ұлым қазірден дәрігер боламын деп жүр. Әкем сияқты мен де оған білгенімді үйретіп, қажет болса бағыт-бағдар беруге әзірмін. Оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысына дейін дәрігерге келеді,-деп күледі дәрігер.

Дәрігер жүрген жерінде медициналық көмек керек болса көмекке әрдайым әзір екенін айтады. Бірде Дубайда қыдырып жүріп бір адамның өмірін сақтап қалған кезі де болыпты.

Осыдан 3-4 жыл бұрын Дубайға бардық. Жағалауда отырғанымызда тамақ жеп отырған адам қақалып қалды, барсам сазарып, ауа жетпей жатыр екен. Ондай кезде артынан құшақтап сілку керегін жақсы білем. Өзі дәу қара нәсілді адам екен, әлгіні құшақтап сілкиін десем шамам келмеді. Содан күйеуіме кеудесін былай бас деп көрсеттім. Сөйтіп қатты сілкіп еді ауызындағысы ұшып шықты. Әйтеу әрең дегенде өзіне келді. Ағылшынша сөйлеп, алғысын білдіріп жатыр. Оған сонда да дәрігерге барып кеудеңді көрсет деп ескерттім,-дейді  Әлия Бекматова.

Сөз соңында дәрігер барлық әріптестерін медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы