Бала 4 сағаттан астам интернетте отырса, ол тәуелді деген сөз – профессор

31 Тамыз 2021, 15:52
9553
Бөлісу:
Бала 4 сағаттан астам интернетте отырса, ол тәуелді деген сөз – профессор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесіп «Жастар мен балалар арасында Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында бүгін брифинг өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кедендік, қаржылық және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Айжан Жатқанбаева шетелдік тәжірибені мысалға алды.

Мысалы, қытайлықтар белгілі бір тұжырымдарға бас қатырмайды. Олар заңды нақты қабылдайды. Ол заңдардың барлығы қатаң регламенттеледі. Балалардың мектеп пен балабақшалардағы тәртібі, оларға интернеттің қолжетімділігі, интернеттен қандай сайттарды көре алатыны реттеледі. Осының барлығы қатаң қадағалауда болады. Сондай-ақ қытайлықтар мектеп пен балабақша аймақтарында ойын алаңдары болмайды. Жапонияда бұл мәселеге кішкене жұмсақтықпен қарайды. Оларда өздерінің тұжырымдамалары бар, - деді Жатқанбаева.

Профессордың айтуынша, жапондарда бұл мәселеге ата-аналар белсенді қатысады.

Бізде Қазақстанда балалар интернет алаңында не істесе де өз еркілері. Мектептер бұл мәселеге қатыспайтын да сияқты. Шетелдік мектептердің сайттарында оқушылардың интернетті пайдаланудағы талаптары жазылып тұрады. Бізде ондай ештеңе жоқ. Бізге осында тұжырымдама жасақтау керек. Оны заңгерлер емес, психологтар мен психиатрлар, мұғалімдер мен психологтар дайындауы керек. Оның негізіне мен айтқан елдерді алу керек. Себебі оларда бала 4 сағаттан артық интернетте отырса, ол тәуелді деген нақты ұстаным бар, - деді ол.

Айта кетейік, жоба аясында психология, әлеуметтану, құқықтану саласындағы сарапшылар интернетке тәуелділік, құмар ойындары және кибербуллинг бойынша қазақстандық және халықаралық заңнамаға талдау, сондай-ақ, құмар ойындары бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар әзірленді.

Қазақстанның 17 өңірінен 14 жастан 35 жасқа дейінгі 1000-нан астам жас интернет-тәуелділік, кибербуллинг, құмар ойындарға тәуелділік тақырыптары бойынша оқытудан өтті.

Қазақстанның барлық өңірінде интернет-тәуелділікті, құмар ойындарды және кибербуллингті анықтау мақсатында мақсатты аудитория арасында фокус-топтар өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанның 17 өңірінде 31 фокус-топ өткізіліп, 230 оқушы қамтылды.

Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Өзгелердің жаңалығы