Бақтияр Артаев қамауға алынған Қуат Хамитовке қолдау көрсетті

4 Ақпан 2021, 05:09
3196
Бөлісу:
 Бақтияр Артаев қамауға алынған Қуат Хамитовке қолдау көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев шартты түрде 6 айға қамауға алынған спортшы Қуат Хамитовке қолдау көрсетті, деп хабарлайды prosports.kz.

Өткен жылы дезинфекция жасаушылар «халықты улап жатыр» деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеген Алмалы аудандық соты Қуат Хамитовті Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Боксшы Бақтияр Артаев Instagram-парақшасында бейнеүндеу жариялап, Қуат Хамитовтің жазасына келіспейтінін жеткізді.

Кешеден бері интернет желісін шулатып жатқан ақпарат - Қуат Хамитовтың алты айға сотталғаны. Осыған байланысты Қуат бауырыммен хабарластым. Мән-жайды білдім. Осы тұрғыда менің азаматтық позициям: ол менің бауырым, спортшы болғандықтан мен бұл жағдайда үндемей қалуым мүмкін емес. Біз демократиялық және зайырлы мемлекет болғаннан кейін өзінің ойын ашық жеткізе білу керек. Егер елім деген әр азаматымызды қамай берсек, еліміздің болашағы не болмақ?

Сондықтан мен бұл шешім дұрыс емес деп есептеймін. Керісінше, осындай елім дейтін спортшылар бар кезде оларды барынша қолдап, ел атын шығаруына атсалысудың орнына біз өкінішке қарай оларды қамап жатырмыз. Осы тұрғыда бір-ақ нәрсе айтқым келеді.

Мен мемлекет басшылығында отырған кісілерден әділ болып, осындай батырларымызды қолдауларыңызды сұраймын. Ал Қуат сияқты бауырларыма аман болыңдар, әрқашан ел атын шығара беріңдер. Біз сендермен бірге боламыз, – деді бейнеүндеуде Бақтияр Артаев.

Өзгелердің жаңалығы