Бағалы металдар туралы заң жобасы Сенатта қолдау тапты

1 Сәуір 2021, 12:25
1720
Бөлісу:
Бағалы металдар туралы заң жобасы Сенатта қолдау тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. 

Яғни, енді қазақстандық өндірушілер экономикалық одақтың барлық елдерінің аумағында  өнімдерін еркін сата алады. Бұл отандық кәсіпкерлерге қазақстандық бағалы металдарды ЕАЭО елдерінің аумағына экспорттауға мүмкіндік береді.

Келісім жобасын іске асыру ел ішінде өз шикізатын қайта өңдеу бойынша отандық аффинаж өндірісін тиімді дамытуға, қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнімдерді құруға, зергерлік бұйымдар шығаруды ұлғайтуға, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдар мен асылтастардың еркін айналымын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады, - дейді сенатор Женіс Нұрғалиев. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, келісім өңделмеген табиғи алмастарды ЕАЭО-ға мүше бір мемлекет аумағынан екіншісіне тасымалдауды қарастырады.

Ол өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттаудың халықаралық кестесі – Кимберлий процесі талаптарына сәйкес іске асырылады. Кимберли процесіне қатысушы әрбір ел алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын тарапқа импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы барлық ел - Кимберлий процесінің мүшесі. 

Тиісті нормалар толық есеп жүргізуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келісім елде өндірілетін алтынды сатып алуда қатысушы мемлекеттердің басым құқығын мойындайды, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы