Қайырымдылықты сіздерді мұқтаж деп жасамаймыз – елші

16 Қаңтар 2019, 15:35
4352
Бөлісу:
Қайырымдылықты сіздерді мұқтаж деп жасамаймыз – елші

Астана, BAQ.KZ. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир елшіліктің былтыр Қазақстанда қайырымдылық шаралары үшін қанша ақша жұмсағанын айтты.

Бүгін «Мейірім шуағы» қайырымдылық акциясының аясында ерекше білімді қажет ететін, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға сыйлық таратылды. Мың балаға сыйлықты БАӘ төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир тарту етті.

«Мұндай қайырымдылық шараларын жылда өткізіп келеміз. 2018 жылы да көп өтті. Саны көп. Қайырымдылық шаралар тек Астана қаласында емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде болды», - деді елші.

Дипломат БАӘ елшілігі өткен жылы Қазақстанда қайырымдылық шарасы үшін қанша теңге жұмсағанын айтты.

«2018 жылы бір Қазақстанның өзінде қайырымдылық шараларына 400 мың доллар ақша жұмсадық. Бұл қайырымдылықты Қазақстан көмекке мұқтаж деген оймен емес, ол – біздің Қазақстан халқына деген махаббатымыз бен достығымыздың белгісі. Мысалға айта кететін болсақ, Шымкент қаласында мектеп бар және осы қалада жетімдер үйі салынып жатыр», - деді ол.

Астанадағы №84 мектеп-лицейді де араб шейхы Халиф бен Зайд әл Нахайян қаржыландырған болатын. Дипломат аталған мектептің бүгінгі жұмысы туралы айтты.

«Астанадағы №84 мектеп-лицейді Халиф бен Зайд әл Нахайян сыйлық ретінде салып, мемлекет меншігіне тапсырды. Мектеппен байланысымыз үзілген жоқ. Мысалға айтатын болсақ, 2018 жылы осы мектепте арнайы орталық ашылды және толық жабдықталды. Мектеп оқушыларына «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырған болатынбыз, - деп бөлісті Мұхаммед Ахмат Әл-Жабир.

Елшілік болашақта мектеп салуға мүдделі екен.

«Бұл салада қарым-қатынасты дамытуға мүдделіміз. Егер Қазақстан Респуликасының Үкіметі тарапынан мұндай сұраныс туындаса, оны қарастырамыз. Айта кетейін, біз ғылымға, білімге көп көңіл бөлеміз. Шымкенттегі, Астанадағы №84 мектеп сияқты мектеп ашуға үлес қосуға дайынбыз», - деді елші.

Автор: Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы