Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мәжіліс кулуарында 22 жастағы қазақстандық Ернұр Алмаханның БАӘ-де өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл Дубай қаласындағы бірінші сатыдағы соттың шешімі, ол әзірге түпкілікті күшіне енбеген. Себебі іс бойынша апелляциялық шағым түсірілген. Осыған байланысты қазіргі кезеңде экстрадиция мәселесі қаралып жатқан жоқ. Қазір басты міндет – барлық сот рәсімдерінің аяқталуын күту, содан кейін ғана келесі қадамдар айқындалады.
Бақаевтың айтуынша, іске адвокаттар тартылған, ал Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы тиісті қолдау көрсетіп отыр.
Сондай-ақ ол сотталған азаматтың туыстары Сыртқы істер министрлігіне жүгінбегенін айтты.
Министрдің орынбасары қазақстандыққа ауыр заңбұзушылықтар бойынша айып тағылып отырғанын атап өтті, алайда сот материалдарына сілтеме жасап, нақты мәліметтерді ашып айтудан бас тартты.
Бұл – заңнамадағы бірқатар, әрі ауыр бұзушылықтар. Мен егжей-тегжейіне тоқталғым келмейді. Сот шешімін қарасаңыздар, онда барлық бұзушылықтар толық көрсетілген, – деді ол.
Ол қазақстандықтың құқығын қорғаумен жалданған адвокаттар айналысып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ елшілік пен Дубайдағы Бас консулдық қажетті көмекті көрсетуде. Мұндай жағдайларда мемлекет өз азаматтарының құқықтарын қорғауды әрдайым қамтамасыз етеді.