Бақытжан Сағынтаев Қытай дәрігерлерімен онлайн кездесу өткізді

23 Сәуір 2020, 04:32
914
Бөлісу:
Бақытжан Сағынтаев Қытай дәрігерлерімен онлайн кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚХР дәрігерлерінің делегациясымен онлайн режимінде коронавирусқа қарсы күрес бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады, деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.

ҚХР дәрігерлері қаланың медициналық мекемелеріндегі жағдаймен, коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеу және алдын алу әдістерімен танысты. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған бірқатар оқыту тренингтерін өткізді. Қытай делегациясының құрамында пульмонология, жұқпалы аурулар, қарқынды терапия, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар бар.

Қала әкімі Сағынтаевпен әңгіме барысында қытай мамандары қаланың COVID-19-ға қарсы күреске дайындығының жоғары деңгейін, жаппай тестілеудің маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ азаматтардың коронавирус бойынша барлық әлеуетті байланыстары үшін карантиндік шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар қала тұрғындарының өзін-өзі оқшаулауы жақсы ұйымдастырылған амал екенін айта келіп, бұл инфекция ошағының ұлғайып, індеттің таралуына тосқауыл болудың бірден-бір жолы екенін атап өтті.

Кездесуде науқастарды жаппай тестілеу, профилактикалық, емдеу және оңалту әдістерінің тиімділігі талқыланды. Медицина қызметкерлерін дайындау мен тұрақты оқытуға ерекше көңіл бөлінді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев КВИ-мен күресте көмек көрсетуге келген ҚХР мамандарына алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы