Бүлінген несие тарихы енді үкім емес: оны толықтай тазартуға мүмкіндік берілді

1 Қазан 2020, 12:19
14372
Бөлісу:
Бүлінген несие тарихы енді үкім емес: оны толықтай тазартуға мүмкіндік берілді
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұрын несие тарихы бүлінсе, оны тек кейінгі алған қарызды уақытылы төлеп жақсарту мүмкін болатын. Алайда кешіктірілген мерзім туралы ақпарат тарихта қала беретін. Наурыз айында Қаржы нарығын реттеу агенттігі несие тарихын реабилитациялау туралы қаулы қабылдады. Ол - базадаға «жағымсыз» мәліметті толықтай жаңартуға мүмкін туды деген сөз. 

Бұл қайдан келген батпан құйрық? 

Елімізде 3 миллионнан астам адамның несие тарихы бүлінген. Бұл – соңғы жылдардағы статистика. Төтенше жағдай мен карантиндік шаралардан кейінгі жұмыссыздық, қысқарту, бизнестің тоқтауы бұл көрсеткіштің артуына себеп болары анық. Жалпы несие тархының ең көп «бұзылған» кезеңі екі мыңыншы жылдардың басына келеді екен. Оған сол аралықтағы дағдарыс әсер етсе керек. Алайда тұрғындар да сол тұста несие тарихы мәселесіне бейжай қараған сияқты. Оның үстіне 2000 жылдардың басында банктер де қарызды клиенттің төлем қабілетіне қарамай үлестіретін. Ал соңғы 2-3 жылдың көлемінде халқымыздың басым бөлігі микроқаржы ұйымдарының «жедел ақшасын» алып, үстеме пайызын төлей алмай, несие тарихына таңба түсірді. Оның арасында материалдық жағдайы келмегендер де, жұмыссыз қалғандар да, несиені алуын алып, төлемей құтылуға болады деп ойлағандар да бар. Себептері түрлі болғанымен «қара тізімнің» салқынын бірдей сезінді. Бұл құжаттың қаншалықты маңызы бары соңғы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу кезінде айқындала түсті. Оның үстіне проблемалық несиелер мәселесі де соңғы жылдары жоғары мінберлерден жиі айтылатын болды. Елде енгізілген төтенше жағдай бұл мәселені тіптен ушықтырып жіберді. Тек наурыз айында мерзімінде өтелмеген несиенің сомасы 2,5 трлн теңгеге жақындап қалған. 

Осы жылдың мамыр айында жасаған Үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев несие нарығын оңалту мәселесіне назар аударған болатын. 

Тұрғындардың төлем қабілетінің төмендеуіне орай тұтынушылық несие нарығына мониторинг жасау қажет, қазақстандықтардың қарыз жүктемелерінің көбейіп кетпеуіне жол бермеуіміз керек. Қаржы нарығын реттеу агенттігі проблемалық заемдарды реабилитациялау мәселесін назарға алу тиіс, - деді.

Оңалту кімдердің оң жамбасына келеді? 

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 22 наурыздағы №19 қаулысына сәйкес, 30 наурыздан бастап төлем мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген несиелерге «реабилитацияланды» деген мәртебе беріледі. Естеріңізге сала кетейік, несиелік тарихтың бұзылуына 30-90 күннен артық төлем жасалмаған мерзім әсер етеді. Алайда мұндай «рақымшылыққа» ие болу үшін несие алушыға да тер төгу қажет. 

Реабилитация, қазақша айтқанда, оңалтуға несиенің қай мерзімде алынғаны маңызды емес. Бастысы, төмендегі екі шартты орындау қажет. Несие тарихы орындаған күннен бір жылдан кейін қалпына келтіріледі. 

Бірінші жағдайда, егер несие алушы жыл көлемінде пеняларын өтеп, несиесін толықтай жапса. Мысалы, егер несие алушы 1 қарашаға дейін делік, несиесін толықтай өтесе, келесі жылдың қарашасында оның несие тарихы «просрочка» туралы ақпараттан тазарады да, жаңа мәртебеге ие болады. Екінші жағдайда, егер қарыз алушы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күніне дейінгі берешек сомасының 50%-нан астамын өтесе және жыл көлемінде 30 күннен артық мерзімде кешіктіріп төлемесе несие тарихы оңалуға жатады. Мысалы, несиеңіздің жалпы сомасы 500 мың теңгені құрайды делік. Сіз 3 айдан артық мерзімге кешіктіріп төлеп, айыппұлдардың астында қалдыңыз. Банкке барып қарызыңызды да, айыппұлыңызды да төлесеңіз, кестеге қайта тұрсаңыз және сол мерзімде сіздің несиеңіздің 50 пайызы жабылған болса әрі одан кейін жыл көлемінде 30 күннен кешіктірмей төлесеңіз несиелік бюро кідіріс күндерінің санын нөлге тең етіп көрсетуі тиіс. 

  Қаржы нарығын реттеу агенттігінің берген мәліметіне сүйенсек, несиенің алған мерзімі, несиелік тарихың қаншалықты бүлінгені маңызды емес. Егер барлық талаптар орындалса, несиелік тарих реабилитациялауға жатады. 

Жаңарған тарих «жасыл түс» рөлін атқармайды 

Алайда Бірінші несиелік бюро бұл процесс несиелік бюро туралы заңға қайшы келеді деген пікірді алға тартты.
Ақпарат үшін айта кетейік, Бірінші несиелік бюро - ел тұрғындарының банктен, шағын микроқаржылық ұйымдардан алған несиелері туралы мәліметті сақтайтын база. Оның ешкімді «қара тізімге» тіркеуге, несиенің төлеу мерзімі, сомасы туралы ақпаратқа өзгеріс енгізуге құқығы жоқ. Несиені беру, бермеу жөніндегі шешімді шығаратын да ол емес. Несиелік бюро туралы Заңның 5 бабы 19-тармағына сәйкес, мұнда жинақталатын ақпаратты несиелік бюромен келісімшарт жасасқан қаржылық ұйымдардың өздері жіберіп отырады. Ал келіп түсетін ақпарат екі апта сайын жаңартылады. 

Біздің міндет ақпарат берушінің мәліметін сол күйінде сақтау ғана. Базада сақталған сол ақпарат несиелік тарихы деп аталады. Әлемнің ешбір елінде несиелік бюро ақпарат берушінің мәліметіне өзгеріс енгізбейді. Ал бізге оны реабилитациялау міндеті жүктеліп отыр. Қазіргі күні Қаржы нарығын реттеу агенттігімен несие тарихын бұл мәселені заңды бұзбай жүзеге асырудың амалдары қарастырылуда, - дейді Бірінші несиелік бюроның Пайдаланушылармен жұмыс блогінің басшысы Индира Қарлыбаева. 

Оның айтуынша, «реабилитацияланды» деген мәртебе бағдаршамның «жасыл түсі» рөлін атқарамайды. Бұдан кейін банктер несиені сөзге келмей береді деу қиын. Әр несиелік ұйымның займ берудегі өзіндік критерийлері бар. Және шешімді көптеген факторды ескере отырып, өздері қабылдауға құқылы. 

Ал Бірінші несиелік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның пікірінше, «қара тізімдегілердің» мәртебесін жаңартуда әділдік болуы керек. 

11 мамырда ел Президенті проблемалық заемдарды реабилитациялау міндетін қойды. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің жанынан жұмыс тобы құрылып, оның механизмі қарастырылды. Алайда бір ғана реттеуші органның әрекеті аз. Мұндағы реабилитация да науқастың оңалуы сияқты процесс. Бұл жерде оның сауығуға деген ниеті маңызды рөл атқарады. Егер қарыз алушы процеске қатыспаса, тек өтелмеген пеняларды қашан кешіреді деп күтіп жататын болса, бұл – дұрыс емес. Менің ойымша, біздің елде де оңалту механимзмі әлемдегідей өтуі тиіс, – деді ол «Курсив» сайтына берген сұқбатында. 

Әлем демекші, АҚШ-та несиелік тарихқа сызат түсіру өмірбаянды лайлап алғанмен бірдей. Өйткені оған несие туралы ақпараттан бөлек, коммуналдық, салық, алимент сияқты төлемдер туралы да ақпарат енгізіледі. Сосын жұмысқа орналасарда жұмыс беруші сол «тарихқа» міндетті түрде көз жүгіртеді. Пәтер жалдау кезінде де несие тарихының мінсіз болуы маңызды. Сондықтан олар несие тарихын «былғамау» үшін барын салады. 

Несие тарихын тексеру не үшін қажет? 

Ал бізде несие тарихына қатысты әлі де салғырттық басым. Мамандар оны жылына бір рет және несиені толықтай өтеген соң бір айдан кейін тексеріп тұруға кеңес береді. Несие тарихын үйден шықпай-ақ интернет арқылы білуге болады. Мұның бірнеше тәсілі бар. Электрондық-сандық қолтаңба және банктің төлем картасы болса, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы несие есебін алуға болады. Мұны жылына бір рет тегін, сол жылы қайта алсаңыз, әр алған сайын 400 теңге +100 теңге банктік комиссия төлейсіз. Сондай-ақ Бірінші несие бюросының www.1cb.kz сайтынан да алуға болады. 

Егер сіздің несие тарихыңызда қате ақпарат бар болса, оны даулауға құқыңыз бар. Бірінші несиелік бюро мәліметіне сүйенсек, ол үшін бірінші несиелік бюроға, не болмаса қате ақпаратты берген банкке немесе несие беретін ұйымға барып, арыз жазсаңыз болады. Бюроға өтініш жібергеннен кейін банк қате берілген ақпаратты растаса, мәліметті өздері түзетуге міндетті. Артынан сол мәліметті несиелік тарихқа енгізу үшін бюроға жібереді. Алайда ескірген ақпарат пен уақытылы төлемеген төлемдер туралы мәліметті даулау мүмкін емес дейді мұндағылар. 

Банктерден түскен несие тарихының уақытына мән беріңіз. Мүмкін арасында сіз алмаған несие туралы ақпарат бар шығар. Мамандардың айтуынша, мұндай аляқтық жолмен алынған несиелер соңғы жылдары күрт көбейді. Егер өз атыңыздан несие алынғанын анықтасаңыз ішкі істер органдарына арыз түсіруіңіз керек. Сонымен қатар банк бөлімшелеріне де арыз түсіру қажет. Олар қарыз шартын беріп, тиісті тексерістер жүргізеді. Банк тарапы несиеге қатысты құжаттаманы береді. Ол құжатта несие алуға қалай өтініш берілгені, шартқа қалай қол қойылғаны және кассадан қаражатты алғанына дейін барлық ақпарат тұрады. Алаяқтық іс-әрекеттер расталғаннан кейін несие тарихыңызға тиісті өзгерістерді несие берген мекеме енгізетін болады. 

Есеп қағазында «Стандартты несие» дәрежесі тұрса, онда ақпаратты беру кезінде қарыз несиеңіз жоқ деген сөз. Бірақ «Соңғы 24 айдағы төлем тәртібі» бөліміне мән беруді ұмытпаңыз. Мұнда төлем мерзімі кешіктірілген несиелердің күні, сомасы, «Кешіктірілген несиенің шекті сомасы» бөлігінде және «Кешіктірілген несиелердің шекті күні» бөлігінде несие қайтарылғанға дейінгі уақыттағы мәліметтер тұрады.
   



Өзгелердің жаңалығы