Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2005 жылғы 16 сәуірде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің жаңа ғимаратын аша отырып, ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды шара екендігін атап өтті.
Бұл еліміздің тарихындағы өте маңызды күн. Есіл өзенінің сол жағалауындағы СІМ-нің жаңа ғимараты Қазақстанның сыртқы саясатының символына айналуы тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сыртқы саяси ведомство небәрі 10 қызметкерден тұрды. Елде іс жүзінде сыртқы саясат болған жоқ. Біз оны қайта құрдық. Бүгінде бізде жоғары білікті дипломаттар бар. Қазақстан дипломатиялық қатынастары бар әлемнің барлық елдерінде, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдарда өкілеттілік етеді, - деді Н. Назарбаев, СІМ ғимаратының ресми ашылу рәсіміне қатысып отырған қатысушыларға арнаған сөзінде.
Бәйтерек монументіне қарама-қарсы орналасқан бес қабатты кең ғимараттың жалпы алаңы 19700 шаршы метрді құрайды. Онда үш үлкен мәжіліс залы, келіссөздер жүргізу үшін арнайы жабдықталған бөлмелер, ыңғайлы кабинеттер, мұражай, кітапхана, мұрағат, асхана және тағы басқа бөлмелер орналасқан.
2,5 жыл ішінде соғылған стратегиялық ғимараттың құрылысын сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзі жетекшілік етті. Тәжірибелі дипломат ретінде ол қазақстандық дипломаттардың жемісті жұмыс атқаруы үшін ғимарат пен инфрақұрылымның қандай функционалдық маңызы болуы керектігін жақсы білді және түсінді.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі барлық мемлекеттік органдармен бірге 1997 жылы жаңа астанаға көшіп, жаңа ғимарат іске қосылғанға дейін бұрынғы "Мәскеу" қонақ үйінің ғимаратында орналасқан болатын.
Он бес жыл өткеннен кейін, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев негізін қалаған сыртқы саяси бағытының дәйекті және бейбітсүйгіш моделін алға тарта отырып, еліміз халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналды.
Сабақтастық принципін сақтай отырып, ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясатының жаңа Тұжырымдамасын бекітті.
Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Қазақстан көпвекторлы, сындарлы және белсенді сыртқы саясатты жүзеге асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады, - деп атап көрсетілген құжатта.
Аталған мақсаттар мен міндеттер заманауи халықаралық қатынастар жүйесіне үйлесімді біріктірілген мықты, икемді және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі талабы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі дипломаттардың жинақтаған тәжірибесі мен кәсібилігін пайдалана отырып қазіргі заманғы жаңа сын-қатерлердің, соның ішінде COVID-19 пандемиясының жағдайында Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саяси Тұжырымдамасының ережелерін орындау бойынша белсенді жұмыс атқаруда.