Бүгін «Nur Otan Trends» пікірталас алаңында жаңа бағдарлама талқыланды

6 Наурыз 2019, 20:58
2587
Бөлісу:
Бүгін «Nur Otan Trends» пікірталас алаңында жаңа бағдарлама талқыланды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін «Nur Otan Trends» пікірталас алаңының кезекті отырысында партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасы талқыланды. Іс-шараны ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған құжаттың әлеуметтік сипатқа ие екенін және қазақстандық қоғамның өтініштеріне лайықталғанын атап өтті.

Партияның жаңа бағдарламасы «Nur Otan»-ның таяуда ғана өткен кезекті XVIII съезінде қабылданды. Бағдарлама алдын ала бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының конференцияларында кеңінен талқыланды. Сондай-ақ бұл құжаттың Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде берген тапсырмаларына байланысты толықтырылғанын атап өткен жөн.

Отырыста «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының съезде концептуалды баяндама жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты жаңа шаралар ұсынғанын айтты. Аталған шаралардың барлығы партияның бағдарламасына енгізілген. Ондағы басымдықтар Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ.

«Бағдарламада партиямыздың алдағы он жылға арналған күн тәртібі көрсетілген. Мемлекет басшысы өзінің бес әлеуметтік бастамасында, өткен жылдың қазан айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және съезде сөйлеген сөзінде халықтың әл-ауқатын өсіріп, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған еліміздің жаңа әлеуметтік доктринасын баяндады. Сондықтан партияның жаңа бағдарламасы Елбасының осы доктринасын жүзеге асыруға бағытталып отыр», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол бағдарлама негізінде нақты үш қағида көрсетілгенін тілге тиек етті.

«Бірінші қағида, бағдарлама мақсаттарының азаматтардың әл-ауқатын арттыруға тікелей бағытталуы. Осыған орай партияның алдағы 10 жылдағы күн тәртібі халықтың мүддесі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған. Екінші қағида, инклюзивтілікпен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қоғам инклюзив дегенді көбіне мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау деп түсінеді. Бұл инклюзивтің мағынасын толық ашпайды. Сондықтан біз бағдарламада оны кең ауқымда қарастырып, көмекке мұқтаж барлық жанға әлеуметтік қолдау көрсетілуін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Сол арқылы экономикалық дамудың игілігін еліміздің барлық азаматы мен өңірі бірдей көруін қамтамасыз етеміз. Үшінші қағида, бағдарламаның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына бағытталуы. Өйткені барлық дамыған елдер осы ұйымның мүшесі екені белгілі. Сондықтан біз нақты мақсаттар мен талаптарды анықтаған кезде ЭЫДҰ елдерінің стандарын негізге алдық», - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатарда жиында бүгінде партиялық құрылым мен жүйенің түбегейлі өзгергені, олардың нақты бір әлеуметтік топқа немесе ортаға бағытталмай, қоғамдағы барлық саланы қамтып жұмыс істеуге ұмтылып жатқаны, популизмнің көбейгені сөз болды. Сол сияқты қоғамның күрделене түскені, азаматтар табысына, әлеуметтік жағдайына байланысты емес, нақты бір мәселеге қатысты біріге бастағаны айтылды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев «Nur Otan»-ның жұмысын ұйымдастыруда аталған мәселелердің ескерілгенін жеткізді.

«Біз өзіміз үшін халықтың партияға деген сенімін одан әрі күшейтуді, Елбасының сенімді тірегі болуды және елімізді жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналуды басты міндет етіп алдық. Сондықтан партия қызметін жаңғыртуды қолға алып, заманауи трендтерге бейімделу жұмыстарын бастап кеттік. Осы ретте біз нақты істер партиясы ретінде танылып, берген уәделерімізді орындауға басымдық беріп отырғанымызды атап өткен жөн», - деген Мәулен Әшімбаев сол үшін партия жұмысына жобалық тәсіл жүйесін енгізілгенін тілге тиек етті.

Оның сөзіне қарағанда, жаңғыру, заманауи трендтерге сай болу үшін партиялық кадрлардың сапасын да арттыруға баса мән берілуде. Сондай-ақ партияның талдау әлеуетін күшейту бойынша да нақты жұмыстар қолға алынған.

Бұдан басқа партия жұмысының келесі бағыты ретінде Елбасының съезде айтқан төрт нақты жобасы туралы сөз етті. на қатысты. Олардың біріншісі «Бақытты отбасы жобасы». Бұл бастама алдымен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Жоба аясында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері мен филиалдары арқылы мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіледі. Екінші «Құтты мекен» жобасы алдымен ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы да ауылдарды дамытып, ол жақта жұмыс орындарын ашып, жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Төртінші «Халыққа көмек» жобасы бойынша халыққа жедел әрі нақты әлеуметтік көмек көрсетуді қолға алынған.

«Партиямыздың тағы бір басты міндеті мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы тапсырмаларының орындалу барысына қоғамдық бақылау жүргізу және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау. Соның ішінде Елбасының съезде берген тапсырмаларына бөлінген қаражат та бар. Егер Үкімет, әкімдер, азаматтық сектор күш біріктіріп жұмыс істесек, Бағдарламаның тиімділігі арта түседі деп сенемін. Партия Төрағасы Елбасы болғандықтан партиямыздың бағдарламасы тек «Нұр Отанның» емес, жалпы еліміздің күн тәртібі болып саналады. Сондықтан елдік мүддеге бейжай қарамайтын барлық тарапты бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Пікірталас алаңында қатысушылар бағдарламаның қазіргі қазақстандық қоғам үшін өзекті болып саналатын негізгі бағыттарына тоқталды. Одан бөлек, сарапшылар әлеуметтік саясатты жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау және инклюзивті экономиканы қалыптастыру мәселелеріне көңіл аударды.

Отырыстың модераторлық міндетін дәстүрге сай «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев атқарды. Пікірталас барысында «Nur Otan» партиясы жанындағы Стратегиялық бастамалар институтының директоры Әділ Қожықов бағдарламаның мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, азаматтық қоғамды одан әрі дамыту және жастарды қолдау бағыттары бойынша тарқатып айтты. Ал аталған институт директорының орынбасары Евгений Кочетов қазақстандық отбасылардың жағдайын жақсарту, сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласын одан әрі жаңғырту, инклюзивті экономика мен бизнесті дамыту және азаматтарға жайлы жағдай жасау шаралары туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар іс-шараға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау мен CSI консалтингті компаниясының басшысы, экономист Олжас Құдайбергенов те партияның жаңа бағдарламасы туралы пікірлерін білдірді.

«Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының толық нұсқасын nurotan.kz ресми сайтынан оқи аласыздар.

Өзгелердің жаңалығы