Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қасиетті саналатын үш айдың бірі – Шағбан айының он бесінші түні. Бұл түн – күнәлар кешірілетін Бәраат түні. Бұл түннің тағы қандай қасиеті бар, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Бәраат түні туралы үмбетіне нені ескертті? Бұл туралы республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтан сұрап білген едік.
– Биылғы қасиетті Бәраат түні біздің елімізде сәуір айының 8-нен 9-на қараған түніне сәйкес келіп отыр екен. Бұл түннің өзге түндерден қандай ерекшелігі бар? Несімен қасиетті?
– Бұл түн – расында да ерекше әрі қасиетті түн. Себебі бұл түнде мұсылман қауымы пенделікпен жасаған күнәларынан арылып, тозақ отынан алыстауға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, шынайы көңілмен жасаған құлшылығымыз бен дұғамыз кері қайтарылмайтын берекелі түн. Бұл түннің қасиеті мен кереметтері туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмбеттеріне ескертіп айтып кеткен. Бір күні Алла елшісі Айша анамыздан: "Бұл түннің не түн екенін білесің бе?" – деп сұрағанда, Айша анамыз: "Алла және Оның елшісі жақсы біледі", – деп жауап береді. Сонда ол (с.ғ.с): "Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да", – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде: "Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері", – деген. Сол Шағбан айының он бесінші түні деп отырғаны осы Бәраат түні. Сондықтан бұл түн – барша мұсылман қауымы үшін ерекше түн.
Бәраат түнінің тағы бір ерекшелігі – құбыланың Қудус мешітінен, Қағбаға қарай өзгеруі. Бұл түні "жақсылық намазы" оқылады. Ендеше, біз де дұғамыздың қабыл болуын Алладан сұрап құлшылығымызды көбейтуіміз керек.
– Сонда бұл түнді қалай өткізген абзал? Қадір түні секілді ұйқысыз, ояу өткізу керек пе?
– Бұл түндерді құлшылықпен ояу өткізу – мұстахаб. Сондықтан, шама келгенше бұған дейін қаза намаздарды оқып, дұға жасап, Құран оқып өткізген абзал. Және ардақты пайғамбарымызға сансыз салауат айтып, мүмкіндік болса, кедей-кепшіктерге көмек берген дұрыс.
Алла елшісі бұл түні: "Уа, Раббым! Бізді тақуа иесі ете гөр, серік қосушылардан ұзақ ет. Бізді адасушылардан сақтай гөр" деп және "Уа, Раббым! азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сиынып, өзіңнен өзіңді қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді" деп дұға жасаған. Бізге де осы дұғаны көбірек айтқан сауаптан болады.
– Кейде осы Бәраат түнінде жүз ракат намаз оқу керек деген сөз айтылады. Бұл сүннет пе негізі?
– Рас, мұндай сөз айтылады. Кейбір кітаптарда осы жүз ракат намаз туралы жазылғанымен, хадисші ғұламалар мұндай намаздың сүннетте жоқ екенін айтады. Сондықтан оның орнына қаза намаздарды оқып, дұға тілеп, еліміздің мына сынақтан аман өтуіп тілеп, көбірек Құдайға құлшылық қылған дұрысырақ.