Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәстүрлі Дүниежүзілік ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күнінің символы – күлгін лента.
Жыл сайын 19 мамырда төрт құрлықтағы 38 елдің өкілі саналатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және 28 еуропалық елдің өкілі ойық жаралы колитпен және Крон ауруымен ауыратын жандардың Еуропалық қауымдастығының қолдауымен Дүниежүзілік ішектің қабыну ауруларымен күрес күні аталып өтеді.
Ішектің қабынуын адам ағзасында баяу әсер ететін бомба деуге болады. Ауру ішектің шырышты қабығының қабынуын тудырады және ас қорыту жүйесін бұзады. Іштің кебуі, жүрек айнуы, құсу, диарея пайда болады, температура күрт көтеріледі. Ағзаның жалпы уыттану аясында дисбактериоз дамиды, жұмыс қабілеттілігі төмендейді, қабыну процесіне өзге де өмірлік маңызы бар мүшелер тартылады. Бұл кесел ерлер мен әйелдерге бірдей әсер етеді, әсіресе, оған 20-30 жастағы жастар бейім. Жүргізілген медициналық зерттеулерге сәйкес, соңғы жылдары бұл патологиялар мен асқынулардың даму жылдамдығы қарқынды өсіп келеді.
Құрамына ойық жаралы колит (ОЖК) және Крон ауруы (КА) кіретін ішектің қабыну аурулары (ІҚА) аутоиммунды патологиялар қатарына жатады. Бұл – ағзаға, мысалы, ішекке қатысты иммундық жүйенің аутоагрессиясының дамуымен анықталмаған этиологиялар. ІҚА негізінде иммундық жүйедегі генетикалық бейімділік пен бұзылулар жатыр, ал дерттің пайда болуына қазіргі қоғамның дәстүрлі проблемалары – стресс, темекі шегу, аз қозғалыстағы өмір салты, тамақтанудағы жемістер мен көкөністер мөлшерінің аздығы, майларды шамадан тыс қолдану, сонымен қатар, антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау да әсер етуі мүмкін.
Ішектің қабыну аурулары бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорының төрағасы Ербол Әміржанов ІҚА-ның Қазақстандағы статистикасына тоқталған еді.
2019 жылғы эпидемиологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,8 жағдайды, ойық жаралы колит – 100 мың тұрғынға шаққанда 91,5 жағдайды құрайды. Алайда, бұл статистика толық әрі нақты емес, себебі көптеген науқастар бұл аурулар бойынша арнайы мамандарға қаралмайды, медициналық көмекке тым кеш келеді, - дейді ол.
Ербол Әміржановтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда бұл дертті диагностикалау мен емдеудің барлық негізгі әдістері бар.
Қазақстанда бұл дертті диагностикалаудың негізгі жолдары, яғни, биопсиялық материалды морфологиялық зерттеумен эндоскопиялық зерттеу, нәжістік кальпротектинді (скрининг әдіс) және сәулелік әдістерді (КТ және МРТ, оның ішінде, жіңішке ішектің контрасталуы) қоса алғандағы зертханалық тесттер қолжетімді. Крон ауруы мен ойық жаралы колит өмір бойына жалғасатын ауруларға жататынына қарамастан, дәл уақытында дұрыс диагностикалау мен сауатты емдеу арқылы ремиссияға қол жеткізуге және кеселдің ауыр түріне өтуінің алдын алуға болады. Тағы бір айта кетерлігі, уақытында емделсе, ІҚА-мен адамдар толыққанды өмір сүріп, еңбекке қабілеттілікті сақтай алады, нәтижесінде қатерлі операцияларды қажет етпейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатыда анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі бар. Бұдан басқа, әлемдік фармацевтикалық индустрия үнемі жаңа, неғұрлым тиімді дәрі-дәрмектер өндіріп жатыр, ал Қазақстанда жыл сайын осы препараттармен қамтамасыз ету жағы жақсарып келеді. Дертті емдеуге қажетті дәрі-дәрмектердің барлығы амбулаторлы дәрілік қамтамасыз ету тізіміне енген. Оларға базалық терапия, гормондық (стероидтар) және иммунносупрессивті (метотрексат) препараттарды жатқызуға болады, - дейді ол.
Ішектің қабыну аурулары бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорының мәлімдеуінше, 2010 жылдан бастап, ІҚА-нан зардап шегетін қазақстандық пациенттерге биологиялық терапия қолжетімді. Ал 2013 жылдан бастап заманауи қымбат биологиялық терапияны қоса есептегенде, ІҚА бар пациенттерді емдеуді мемлекет мойнына алған. Дегенмен, бүгінгі таңда ІҚА-нан зардап шегетін пациенттердің тек 2%-ы ғана биологиялық терапия қабылдайды, ал ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы) елдерінде бұл көрсеткіш 15-30% шамасында. Әлемде кемінде бес миллион адам осы кеселден зардап шегеді.
Дәстүрлі Дүниежүзілік ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күнінің символы – күлгін лента. Әлемнің көптеген елдерінде бұл күні түрлі білім беру және ағарту іс-шаралары өткізіледі, сондай-ақ, белгілі сәулет ғимараттары күлгін түспен жарықтандырылады, осылайша, ІҚА-мен ауыратын адамдарға қолдау мен жанашырлық білдіріледі.