Азық түлік. Орталық Азияда жағдай ауырлап барады

15 Қыркүйек 2021, 21:57
3098
Бөлісу:
Азық түлік. Орталық Азияда жағдай ауырлап барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне арналған конференциясы өтті.

COVID-19 пандемиясынан туындаған күрделі эпидемиологиялық ахуал бүкіл әлемдегі қоғамдық өмірдің барлық саласын тұралатып, әлемдік қоғамдастық пен жекелеген елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етті. Коронавирус пандемиясы жағдайында нарықты азық-түлікпен тұрақты толықтырып отыру мәселесі Азия елдерінде, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес кеңістігінде өте өткір әрі өзекті болып отыр.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов 27 мүшесі мен 9 байқаушысын және әлем халқының жартысынан көбін біріктіретін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес болашағы зор үкіметаралық форум екенін атап өтті. Оның айтуынша, АӨСШК қазірдің өзінде құрылған саяси диалогтың, қалыптасқан өзара іс-қимыл процесінің және сенім шараларын жүзеге асыру механизмдерінің арқасында сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұрудың тиімді құралына айналды.

Конференцияға қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, АӨСШК мүшелерінің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық жоспарын дамыту және әзірлеу мәселелерін талқылады.

Бүгінгі таңда ФАО мәліметтері бойынша бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өскені байқалады. Бұл пандемияның кері әсері екені анық. Енді тек Қазақстан үшін емес, сонымен қатар әлемнің барлық елдері үшін де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өте өткір болып отыр, - деді Халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаментінің директоры Сәкен Сламбеков.

АӨСШК елдері өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша сенімді әріптестеріміз болып есептеледі. Осы бағыттағы өзара іс-қимыл пандемия жағдайында Азия елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті жаңа тәсілдер мен шешімдерді айқындауға мүмкіндік береді.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форум. АӨСШК шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1992 жылы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын.

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2021-2022 жылдардағы төрағасы болып сайланды.

Өзгелердің жаңалығы