Азия чемпионаты. Бүгін үш боксшымыз рингке шығады

4 Қараша 2022, 15:09
3077
Бөлісу:
Азия чемпионаты. Бүгін үш боксшымыз рингке шығады

Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін қазақстандық үш боксшы рингке шығады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпарат сілтеме жасап.

Жарыстың төртінші күні жастар арасында әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асилбек Джалиловпен жұдырықтасады.

Бұл – қазақстандық және өзбекстандық боксшылардың осы біріншіліктегі өзара екінші кездесуі. Бұдан бұрын Санатәлі Төлтаев 63,5 келіге дейінгі салмақта Руслан Абдуллаевтан айласын асыра алмаған еді. Енді сол кеткен есені Санжар қайтара ала ма, оны ринг көрсетеді.

Бүгін сондай-ақ Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта түркменстандық Сапармұрат Одаевпен жұдырықтасады.

Ел құрамасындағы тәжірибелі боксшылардың бірі, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов филиппиндік Маржон Пианьярмен сынға түседі.

Күндізгі сессия Астана уақытымен сағат 16.00-де, кешкі сессия 21.00-де басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатын Серік Теміржановтың жеңіспен бастағанын, Сәкен Бибосыновтың бастапқы кездесуін сәтті өткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Назым Қызайбай Азия чемпионатының ¼ финалына өтті.

Өзгелердің жаңалығы