Азия чемпионаты: Бүгін бес қазақ боксшысы финалда жұдырықтасады

31 Мамыр 2021, 11:05
6120
Бөлісу:
Азия чемпионаты: Бүгін бес қазақ боксшысы финалда жұдырықтасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін бокстан Дубайда өтіп жатқан Азия чемпионаты өз мәресіне жетеді.

Ерлер арасында Қазақстаннан бес боксшы финалда өнер көрсетеді. Олар: Даниал Сәбит (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі). 

Финал Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады. Финалда 4 қазақ боксшысы өзбектермен кездессе, біреуі үндістандықпен алтын жүлдені сарапқа салады.

Боксшылардан ең жеңіл салмақтағы Даниал Сәбит ересектер арасындағы Азия чемпионатының финалына алғаш шығып тұр. 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов 2017 жылы финалға дейін жетіп, өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтан ұтылған. Бұл жолғы қарсыласы Бобо-Усмон Батуровпен басқа жарыстарда екі рет жолығып, екеуінде де жеңген.

Әбілхан Аманқұл (75 келі) құрлық біріншілігінде жүлдегер болғанымен, жеңімпаз атанбаған. Сондықтан алғаш рет алтын медаль алуына мүмкіндігі бар. 91 келідегі Василий Левит бұған дейін үш рет чемпион болған. Өз рекордын тағы бір мәрте жаңартуды көздейді. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев финалдағы қарсыласы Баходир Джалоловпен алты рет кездесіп, үшеуінде жеңіске жеткен. Осы жолы кімнің жолы болады, сол жалпы есепте алға шығады.

Жекпе-жектер реті мынандай:

49 келі: Даниал Сәбит - Нодиржон Мирзахмедов (Өзбекстан);
69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Бобо-Усмон Батуров (Өзбекстан);
75 келі: Әбілхан Аманқұл - Саиджамшид Джафаров (Өзбекстан);
91 келі: Василий Левит - Санжит (Үндістан);
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев - Баходир Джалолов (Өзбекстан).

Өзгелердің жаңалығы