Тұмау мен коронавирусты бөліп қарауға болмайды – дәрігер

16 Қыркүйек 2020, 15:41
1259
Бөлісу:
Тұмау мен коронавирусты бөліп қарауға болмайды – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасында қонақта болған анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ғабит Нұрханұлы айтты.

Қазір бірқатар елде коронавирус індетінің екінші толқыны көтеріліп жатыр. Кейбір мемлекет шекарасын да жауып үлгерді. Осыған қатысты дәрігер вирустың екінші толқыны біріншісіндей болмайтынын айтады.
Бұл толқын бірінші толқындай бола қоймас. Себебі, халық та түсінді, министрлік те қалай әрекет жасау керегін түсініп қалды. Бірінші толқын үлкен сабақ болды. Вирустың бірінші толқыны қазақтың тарихындағы ашаршылық немесе екінші дүниежүзілік соғыс сияқты ауыр соққы болды. Қазір білінбес, бірақ уақыт өте келе, коронавирус індетіне қанша  адам шалдығып, қаншасы қаза болғаны жөнінде ақпарат айтылар. Қаншама танымал азаматтар, ғалым, әкімдер, дәрігерлер, қоғам қайраткерлері қайтыс болып кетті, бұл тарих үшін қара дақ, - дейді ол.

Ғабит Нұрханұлы аталмыш дертпен республиканың 30-40%-ы ауырды деген пікірде.
Қазір халық саны 18 миллион деп алар болсақ, жоқ дегенде, 6-7 миллион адам ауырды. Бұл ең азы, одан да көп шығар. Вирустың табиғаты сондай, тығылып отырады да, ойламаған жерден лап ете қалады. Біздің елдегі өлім-жітім көрсеткіші басқа елге қарағанда аздау. Себебі, халық тығыз орналаспаған. Ал, халқы тығыз елдерде өлім-жітім саны біздің елдегіден екі есе жоғары, - дейді ол.

Дәрігер қазіргі кез келген ауру коронавируспен байланысты болып отырғанын жеткізді.
Қазір тұмау да, пневмония да коронавирустан. Себебі, пандемия әлі алынған жоқ. Кез келген ауру коронавируспен байланысты. Әрине, вирус табылуы-табылмауы мүмкін, оны ПТР-мен емес томографиямен анықтау керек. Біздің елде коронавирус енді көбеюі мүмкін, себеб, тұмау маусымы келе жатыр. Тұмау мен коронавирусты бөлуге болмайды, екеуі бір. Себебі, вирус қазір барлық жерде бар. Екінің бірі ауырып шықты. Ғалымдар кейбір адамдардың коронавируспен мүлдем ауырмайтынын, олардың ағзасы бұл вирусты мүлдем қабылдамайтынын, осы бағытты зерттеу керегін айтады. сондай адамдар көбейетін шығар, - дейді Ғабит Нұрханұлы.


Өзгелердің жаңалығы