Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан Қаңтар оқиғасына қатысушыларға жасалатын бір реттік рақымшылық туралы ой бөлісті, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Парламент сессиясының отырысы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қаңтар оқиғаларына қатысқандарға қатысты ішінара рақымшылық жасау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім құқық қорғау қоғамдастығы мен айыпталушылар, сотталғандар арасында ерекше атап өтілді. Қаңтардағы оқиғалар біз үшін үлкен трагедия, сондықтан нағыз құқық бұзушылық жасағандардың әрекеттерін ешкім де ақтамайды, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Эльвира Әзімова өкінішке орай, біраз адам мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айта кетті.
Олардың көбі жаппай тәртіпсіздіктерге көпшіліктің ықпалымен және өздерінің басындағы әлеуметтік проблемаларға байланысты қатысқаны анық. Олардың біразы кінәсін түсініп, өкініп отыр. Рақымшылық жасау туралы шешім – бұл Президенттің өзінің конституциялық құқығын іске асыруымен қатар, адамгершілік және отандастарына сенімділігі деп білемін. Біз өз халқымызға сенуіміз керек, – деді ол.