Ажар Ғиният Атырау облысына барды

3 Наурыз 2023, 21:37
928
Бөлісу:
Ажар Ғиният Атырау облысына барды
Фото: Дамир Жарылқасын

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырау облысына келді. Елдің бас дәрігері жергілікті тұрғындармен кездесіп, бірнеше медициналық мекемені аралады, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Министр өңірде техникалық жабдықтаудың төмендігі мен кадр тапшылығы мәселесін көтерді. Мәселен облыста онкологиялық қызмет көрсету бағытының өзінде, цитопатоморфологтар, химиотерапевтер, медициналық физиктер мен онкоурологтар ауадай қажет екен. Проблема бар болса да, жалпы ел бойынша халықтың денсаулық жағдайы жақсарған көрінеді. 

Президенттің жарлығымен Атырау облысына келіп жатырмын. Мақсатым-өңірдегі халықтың денсаулығын, жағдайын білу, медициналық ұйымдардың жұмысымен танысу. Жалпы елде туу көрсеткіші азайғанымен, өлім-жітім саны кеміген.Халықтың денсаулық сақтау көрсеткіші жақсарды.  Бұл Атырау облысында да байқалады, - деді А.Ғиният

Мұнайлы өңірде 18 медициналық нысан салынбақ. Соның ішінде 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт құрылысы жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі Құрманғазы ауданында бой көтереді. 

Ажар Ғиният Атырау облысына барды

Құрманғазы ауданындағы медициналық көмек сапасын көтеру үшін көптеген шаралар қарастырылған. Соның бірі көпбейінді аудандық аурухана жұмысын күшейту.Бұл жерде сол ауданда бар ауруханаға тағы да 5 орталық ашылатын болады. Инсульттік орталық, травматологиялық, перинаталдық, реабелитациялық және тағы басқа да орталықтар ашу көзделген. Жұмысты бастау үшін министрлік жергілікті әкімдіктен жобалық сметалық құжат күтіп отыр. Басты мәселенің бірі ана мен баланың денсаулығын қорғау. Ол үшін ең алдымен барлық өңірлерде перинаталдық орталықтардың жағдайын реттеу керек,- дейді А.Ғиният.

Бас дәрігер елдегі медициналық қызметкерлерге жағдай жасау тақырыбын да тілге тиек етті. Сөзінше, қазір ақ халаттыларды қолдау және қорғау бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Былтыр дәрігерлердің жалақысы әлдеқайда артқан. Министрлік жедел жәрдем мамандарының да еңбек ақысын көтеруді көздеп отыр. 

Сапары барысында Ажар Ғиният жергілікті БАҚ өкілдерімен де жүздесті. Министрге «Brando» зауытының болашағы бойынша сауал жолдадық. Жергілікті кәсіпкердің отандық өнімді тек шетелге экспорттап отырғанын айттық. Бизнес иесіне билік тарапынан қолдау бола ма деген бағыттағы сұраққа көңіл көншітер жауап алмадық. 

Шприц зауытына барып, өзім көрдім. Шағын зауыт жұмысымен таныстым.Бүгінгі таңда елдегі медициналық мекемелер шприцтармен, медициналық бұйымдарды, отандық өндіріс арқылы қамтамасыз етіліп отыр.Қазір отандық өндірісті қолдау жөнінде заң бар. Сол заң бойынша бір отандық өндіріс орны көп жылғы келісімшартқа отырады. Қазіргі таңда басқа зауыт келісім шартты жеңіп алған. Толық қамтамасыз етіп отыр.Өзге кәсіпкерлерді қолдау үшін, бұл мәселені өзіме түртіп алдым. Парламентпен, Үкіметпен қарастыратын боламыз,- деді ол.

Айта кетейік, мұнайлы өңірге іс-сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша да қабылдады. 

Өзгелердің жаңалығы