Қарияны ажалдан арашалап қалған әйел марапатталды

1 Сәуір 2019, 21:35
2082
Бөлісу:
Қарияны ажалдан арашалап қалған әйел марапатталды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күн бұрын өскеменік тұрғын Үлбі өзеніндегі көпірден секіріп өмірін қимақ болған егде жастағы адамды құтқарып қалған болатын. Бүгін оның бұл жақсылығы құзырлы органдар тарапынан еленіп, әйелге қалалық Полиция басқармасының басшылығы атынан алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырылды.

Күнде жұмысына осы Үлбі көпірі арқылы қатынайтын Ольга Кретова дәл сол күні біреудің өміріне арша түсемін деп тіптен ойламаған. Әдеттегідей таңғы уақытта жұмысқа бара жатқан ол көпір жақтауынан секіргелі тұрған егде жастағы адамды байқап қалады. Ольга еш ойланбастан қарияға жақындап келіп ұстай алады. Қауіптің алдын алу үшін суицидқа бел буған адамды үгіттей бастайды. Сол мезетте олардың жанынан өтіп бара жатқан өзге жүргінші «102» арнасына хабарласып, тәртіп сақшыларын оқиға орнына шақырады. Оқиға орнына жедел жеткен «Қыран-21» ПА полиция қызметкерлері көмекке ұмтылыпе өз-өзіне қол салмақшы болған адамды көпір жақтауынан алысырақ алып кеткен.

«Адам өмірі қымбат қой. Оған тең келер ештеңе жоқ деп ойлаймын. Менің орнымда басқа біреу болса да осылай жасар еді деп ойлаймын», - деді Ольга Кретова.

Адам өміріне араша болған азаматшаның игі әрекетін Өскемен қалалық Полиция басқармасының басшылығы жоғары бағалап, оған алғыс хатпен бірге бағалы сыйлық табыстады.

«Сондай-ақ оқиға орнына жедел жетіп ер адамның өмірін сақтап қалуда кәсібилік танытқан полиция қызметкерлері де өз құзыреті шеңберінде көтермеленетін болады», - деп қосты Өскемен қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Даур Ибраев.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты істің мән-жайын анықтап жатыр.

Фото: Өскемен қалалық Полиция басқармасы

Өзгелердің жаңалығы