Азаматтық авиация комитеті Түркияға кешігіп ұшқан рейстерге қатысты түсініктеме берді

20 Маусым 2022, 12:25
1180
Бөлісу:
Азаматтық авиация комитеті Түркияға кешігіп ұшқан рейстерге қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 маусымда «Эйр Астана» әуе компаниясының «Боинг-767» үлгісіндегі әуе кемесінде техникалық ақауға байланысты рейстер кешіктірілді, деп хабарлады ҚР ИИДМ ААК. 

Осыған байланысты әуе компаниясы мына рейстерде әуе кемесін ауыстыруға мәжбүр болды. 18 және 19 маусымда Алматы – Анталья бағыты бойынша 2 рейс 24 сағат 56 минутқа және 3 сағат 23 минутқа кешіктірілді. 

«Эйр Астана» әуе компаниясының 2022 жылғы 18 маусымдағы Алматы – Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсі кесте бойынша жергілікті уақыт бойынша сағат 09:40-та ұшуға жоспарланған болатын. Алайда рейс техникалық себеппен 19 маусым күні таңертең кешіктірілді. Рейс Антальяға 19 маусымда сағат 10:36-да ұшты, – делінген мәліметте. 

Сондай-ақ 19 маусымдағы Алматы-Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсі кесте бойынша жергілікті уақыт бойынша сағат 09:40-та жоспарланған. Алайда техникалық себеп бойынша сыйымдылығы аз әуе кемесі «Боинг-767-ден» «Эйрбас-321-ге» ауыстырылды. Борт жергілікті уақыт бойынша 19 маусым сағат 13:03-те жолға шықты. 

Осы рейстен жолаушылардың бір бөлігі Нұр-Сұлтан арқылы Анталияға жөнелтілді, ал бір бөлігін ағымдағы жылғы 20 маусымдағы Алматы-Анталья КС 915 рейсімен жөнелту жоспарланып отыр. «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы – Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсі 20 маусымдағы әуе кемесінің Сеул – Алматы рейсінен күту себебінен сағат 15:40-қа дейін кешіктіріледі. Кешіктіру 6 сағатты құрайды, – делінген ақпаратта. 

Кешіктірілген рейстердің барлық жолаушыларына ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабында көзделген қызметтер көрсетілді. Әуе компаниясы осы талаптарды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделеді.
 

Өзгелердің жаңалығы