Азаматтарға ыңғайлы болу үшін автомобильдің VIN коды болуы туралы талап күшін жойды

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін автомобильдің VIN коды болуы туралы талап күшін жойды
PHOTO
687

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының аралық нәтижелері орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында жарияланды, деп хабарлады  ИИДМ баспасөз қызметі.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары және аталған қордың басқарушы директоры Жанар Ибрашева мен Ғалымжан Әди, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілдері Қайрат Еламанов пен Ербол Сейпілов, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің өкілдері жауап берді. 

Осылайша, бағдарлама іске қосылғаннан бері екінші деңгейлі банктермен 14 507 өтінім қабылданып, 35,7 млрд теңгеге 4 834 өтінім мақұлданған. Бүгінгі таңда  автокөліктің 34 данасы өз иелерін тапты. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 11, Алматы қ. – 4, Ақтөбе облысы – 3, Алматы облысы – 1, БҚО – 1, Жамбыл облысы – 4, Павлодар облысы – 4, Шымкент қаласы – 6. 

Айта кетерлігі, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы Қазақстанда биыл 16 мамырда іске қосылып, ережелері Үкімет қаулысымен бекітілген. Бағдарлама операторы болып "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ белгіленді. Қаржыландырудың жалпы сомасы "Жасыл Даму" АҚ қаражатынан 100 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда "Еуразиялық Банк", "Банк Центр Кредит" және Halyk Bank азаматтардың өтінімдерін қабылдауда. 

"Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ж.Ибрашеваның айтуынша, азаматтарға ыңғайлы болу үшін төлем жасауға арналған шоттарды екінші деңгейлі банктерге ұсыну барысында автомобильдің VIN кодының болуы туралы талап алынып тасталып, күшін жойды.

Сонымен бірге, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілдері КАСКО сақтандыру төңірегінде азаматтардың тарапынан өтініштер келіп түскенін атап өтті. Осылайша, тұтынушыға түсетін қаржылық жүктемені азайту мақсатында бағдарламаға қатысып жатқан банктерге жыл сайынғы (несие берудің барлық кезеңіне бір мезгілде емес) сақтандыру туралы шарт жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз тарапынан бағдарламаның ережесі мен оның іске асуы туралы қажетті базалық мәліметті даярлаған болатын. Бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру құқығы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен автокөлік өндірушілер, ритейлер мен екінші деңгейлі банктерге берілген. Бүгінгі таңда аталған ұйымдар бекітілген бағдарламаның ережесіне сәйкес жұмыс істеуде.

Несиелеу келесі талаптар бойынша жүзеге асырылады: жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 4 %; несиелеу сомасы – 10 миллион теңгеден аспайды; қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан артық емес; бастапқы жарна көлемі – 0 %; көлік құралының құны – 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы