Азаматтардың өз пікірін еркін жеткізуі – халық пен биліктің арасында тығыз байланыстың барын аңғартады

17 Маусым 2022, 17:15
3243
Бөлісу:
Азаматтардың өз пікірін еркін жеткізуі – халық пен биліктің арасында тығыз байланыстың барын аңғартады
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде «Еститін үкімет» қағидаты бойынша өзгерістерді халық қалай қабылдауда? Жергілікті атқарушы органдар ел ішінде қордаланған мәселелерді қалай шешуде? Мемлекеттік қызмет көрсету қаншалықты қолжетімді?

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Көкшетау қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметтерді ұсынуды талдау бөлімінің басшысы Арман Хайдар айтып берді. 

Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? 

–Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданы Амангелді ауылында туып-өстім. Көкшетаудағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алдым. 2010 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін «жергілікті өзін-өзі басқару» мамандығы бойынша тәмамдадым. Мемлекеттік қызметке бірден келген жоқпын, алдымен жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырып, Зеренді ауылдық округі әкімдігінде алты ай жастар тәжірибесінен өттім. Округ әкімімен бірлесе жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтадым. Құжаттармен жұмыс істеу тәртібін үйрендік. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама үлкен көмек болды. Практикадан кейін Зеренді аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналасып, үш жылдай қызмет атқардым. 2020 жылдың қаңтарынан Көкшетау қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметтерді ұсынуды талдау бөлімінің басшылығына тағайындалдым. 

Өзіңіз басқаратын бөлімнің негізгі жұмысына тоқталсаңыз...

–Бөлімнің негізі жұмысы – Көкшетау қаласы аумағындағы жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызмет уақытының бұзылмауын және сапасын қадағалау. Дербес бөлімдер, екі ауылдық округ, жұмыспен қамту орталығы біздің құрамда. Орталықтан келген мәліметтерді мамандарға жеткіземіз. Олардан ақпарат жинаймыз, тексеріс жүргіземіз. Қала әкімдігімен жоспар бекітіп, жоспар бойынша әр бөлім тексеріледі. Мемлекеттік қызметтер бойынша заң бұзушылықтар болса оның келешекте қайталанбауы және іс-шаралар қабылдау үшін бөлім басшысына ұсыныстар енгіземіз. Біз ақпараттық мониторинг жүйесі арқылы қала бойынша көрсетілетін қызметтерді көріп отырамыз. Сол арқылы әр маманға тікелей хабарласып отырамыз. Әрбір мемлекеттік қызмет алушының артында бір адам тұр ғой. Қызметтің уақытылы, әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз етеміз. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – жергілікті билік ел мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс. Билік халыққа қаншалықты жақындады деп ойлайсыз?

–Бұрынғымен салыстырғанда қазір билік пен халықтың арасында тығыз байланыс бар. Қалалық әкімдік ғимаратының бірінші қабатындағы кабинеттің қабырғалары әйнек болғандықтан барлығы ашық көрініп тұрады. Еркін пікірлесуге мүмкіндік бар. Қазір әрбір қала, аудан әкімдіктерінде «Сервистік әкімдіктер» ашылды. Көкшетауда Момышұлы, 21 мекен-жайының бірінші қабатында ашылған сервистік әкімдікте әр сала мамандары тұрғындар сұрақтарына жауап береді. Өздері жауап бере алмаса, бөлім басшыларын шақыртып, түсіндіреді. Сондай-ақ «Е-өтініш» жобасы да іске қосылды. Ол арқылы азаматтар ЭЦҚ арқылы мемлекеттік мекемеге өздерінің өтініштерін жолдай алады. Бұрынғыдай әр мекемеге жүгірудің қажет жоқ. Тіпті Президент әкімшілігіне де өтініш қалдыруға болады. Бұл өте қолайлы. Онда әрбір арызды қарауға уақыт беріледі. Уақытылы қаралмаса тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. Қала әкімдігі «Еститін үкімет» тұжырымдамасы бойынша тоқсан сайын халықпен кездесу өткізеді. Онда әр түскен өтініш-арыз қаралып, жауап беріледі. Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні кез-келген адам өзінің проблемалық мәселелері бойынша әкім, оның орынбасарларымен қатар барлық сала мамандарына жүгіне алады. Сондай-ақ әкімдікке жеке мәселесімен жүгінген азаматқа бөлім басшылары не маман кеңес береді. 

Тұрғындар қандай мәселе бойынша жиі шағымданады?

–Тұрғындар тарапынан арыздар жер мәселесі бойынша көп түседі. Өтініш берушілер көбінесе орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері мен жергілікті атқарушы органдарға жер комиссиясының теріс шешімдеріне қатысты шағымданады. Қала әкімі аппаратына мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 45 шағым келіп түсті, олардың барлығы белгіленген мерзімде қаралды. Бағбандық жерлер алу бойынша көп адам жүгінді. 1990-1993 жылдары жер телімдерін алып, бірақ пайдаланбаған жер иелерінің учаскелерін халық көп сұрайды. Құжат бойынша жердің иесі бар, бірақ ол қолданыста болмай шығады. Соған байланысты өтініштер қабылданбайды. Тұрғындар мұнымен келіспей, шағымданады. Сол сияқты бір жер учаскесіне екі-үш адам өтініш тапсырады. Біз өтініштің берілген уақытын қадағалаймыз, соған байланысты жер телімі бірінші тапсырған адамға беріледі. Ал өтініші қабылданбағандар бастартулармен келіспей, бірден шағым түсіреді. Павильон, дүкен ашу мақсатында коммерциялық бағытқа жер телімдерін сұраушылар көп. Бұл мақсатқа жер берілмейді, ол тікелей аукцион арқылы жүзеге асырылады. Сол себепті шағым қабылданбайды. Түскен шағымдардың әрбіреуіне жауап жазамыз немесе көп уақыт жоғалтпас үшін телефон арқылы да хабарласып, түсіндіреміз. Егер шағым иесі қанағаттанбаса, оған хабарлама жіберіп, арнайы шақыртып, тыңдау өткіземіз. Тіпті келе алмаса да ватсапп желісі арқылы жағдай жасауға болады. 

Қоғамдық кеңесте шағым көп түсетін сала бойынша басшылар есеп беруі тиіс деген ұсыныс білдірдіңіз...

–Жыл басында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінен қоғамдық кеңесте мемлекеттік қызмет бойынша мәселелер тоқсан сайын қаралып отырсын деген тапсырма келген болатын. Бұл – қоғамда болып жатқан проблемалардан ел құлағдар болып, шешуге көмек көрсетілу үшін жасалып жатқан шара. Осы ретте бөлім басшылары қандай жұмыс атқарылып жатқандығы туралы толымды ақпарат беруі тиіс.

 Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қай салада рейтинг жоғары?

–Жыл сайын рейтинг облыс әкімдігімен бекітіледі. Айталық, электронды қызмет, халыққа қызмет көрсету қызметінің үлесін арттыру, компьютерлік техникаларды жаңарту бойынша баға беріледі. Жыл сайын жауапты мамандармен семинар өткізіледі. Электронды көрсеткіш бойынша төрт айдың ішіндегі нәтиже 90%-ға орындалды. Мүмкіндігі бар мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілген. Осылар бойынша рейтинг жасаймыз. 

    Электронды қызметті пайдаланушылар артты ма? Ол жұмыс ауқымын қаншалықты жеңілдетті?

–Электронды формат халыққа пайдалы, әрі ыңғайлы дер едім. Пандемия кезеңінде де көп өзгерістер орын алды. Мемлекеттік қызметтер электронды форматқа ауысты. Бұрын ЭЦҚ халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана берілетін. Қазір оны әр азамат үйде отырып-ақ ала береді. Жер телімдері бойынша қызметтер электронды форматқа көшірілді. Мысалы, бұрын әскерге шақыру бойынша қызмет қағаз жүзінде көрсетілетін. Бұл оқып жатқан студенттерге қиындық туғызатын, шақыру қағазы бойынша келмегендерге әкімшілік айыппұл салынатын. Қазір ЭЦҚ арқылы өтінім жіберіледі. Оқып жатқаны туралы анықтама ұсынғандарды оқу бітіргенше мазаламайды.

 Президенттің «біздің кейбір шенеуніктерге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар» дегені бар. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу фактілері тіркелді ме?

–Биылғы қаңтар айынан Көкшетау қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілімін. Жыл басынан бері әр бөліммен кездесулер өткіздім. 2022 жылдың 22 ақпанында Президентпен Жаңа Әдеп кодексінің нормалары бекітілді. Онда мемлекеттік қызметші адал, қарапайым, әділ болу керек деген қағидалар бар. Көкшетау қаласы бойынша әдеп нормаларының бұзылу фактілері тіркелген жоқ. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылуда. Мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Лауазымын асыра пайдалануға жол берілмейді. Халықтың тарапынан сын болмас үшін ұсынылған өтініш-арыздарды сапалы қарап, ұрыс-керіске бой алдырмағаны жөн. 

Жалпы мемлекеттік қызметші қандай ұстанымдарды ұстануға тиіс? Сол сияқты жұмыстан тыс уақытта қандай талап қойылады?

–Мемлекеттік қызметші жан-жақыт дамыған тұлға ретінде өзгелерге үлгі болып, өзінің функционалдық міндетін дұрыс атқаруы керек. Ол ішімдік ішкен күйде қоғамдық орындарда болуға, мас күйінде көлік басқарып, жол ережелерін бұзуға жол бермеуі керек. Бұл өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылармен әңгімелесу кезінде де ұстамды болуы тиіс. Мемлекеттік қызметші болғандықтан Заңдағы барлық шектеулерді сақтауы қажет. Ең басты талап – қарапайым болу. Дөрекелікке бой алдырса, сынға ілігеді. 

 Қабылдауларға қарапайым адамдар үлкен үмітпен келетіні белгілі. Биліктен қолдау күтеді, әділдік іздейді. Қызмет сапасына шағым азайды ма?

–Электрондық қызметке көшкелі мемлекеттік қызмет сапасына арыз-шағымдар көбейді. Өйткені халыққа осындай мүмкіндік беріліп отыр. Әр азаматтың арыздануына толық құқығы бар. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Кез-келген адамның өз пікірін еркін жеткізуі – халық пен биліктің арасында тығыз байланыстың барын аңғартады.  

Мемлекеттік қызмет көрсетуде әлеуметтік желілер қаншалықты пайдалы деп ойлайсыз?

–Әлеуметтік желілер хабарламалар берумен қатар, мақала жариялауға да қолайлы. Көп адам қажетті ақпараттарды ресми парақшалардан оқиды. Айталық, әкім қабылдауы өтетін уақытты тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады. Бірақ газеттерге қарағанда әлеуметтік желіде ақпараттар өте қысқа формада беріледі. 

Ресми парақшаларда желі қолданушылар тарапынан шағым көп жазылып жатады. Бұл тұрғыда қандай жұмыс жүргізіледі?

–Ол шағымдардың барлығы қаралады. Мысалы, әкімдік инстаграмына су мәселесі бойынша шағым түссе, ол жедел түрде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына жіберіледі. Мамандар аталған мәселе бойынша тексеру жүргізеді. Сол сияқты атаулы әлеуметтік көмекке қатысты шағымдар жұмыспен қамту бөліміне жолданады. Осы орайда біз тұрғындарға қала көшелерінен шашылған қоқыс көрсеңіздер бірден фото, видеға түсіріп, әкімдік парақшасына жіберіңіздер деп жиі айтамыз. Бұл мәселені жедел шешуде үлкен көмек болар еді. Өйткені қала аумағын түгел қамту мүмкін емес. 

Қарамағыңыздағы қызметкерлерден мемлекеттік тілде іс жүргізуді талап етесіз бе?

–Қазақ ауылында туып-өскендіктен, өз тілімде еркін сөйлеймін. Жұмыс барысында келген азаматтың өтінішіне сай қазақша да, орысша да жауап беремін. Екі тілді де жетік меңгергенмін. Қазіргі уақытта басшылық тарапынан іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Қызметтік хаттар тек мемлекеттік тілде ғана келеді. Кейде қазақ азаматтарының орысша сөйлегеніне намыстанатын жағдайлар кездеседі.  Өзге ұлт өкілдері екі қазақ бір-бірімен неге орысша сөйлесіп тұр демесін, «қазақша сөйлеңіз!» деп ескертемін.

Қоғамда мемлекеттік қызметшілерге биік талап қойылып отыр. Қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша қандай ұсыныс айтар едіңіз?

–Көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру үшін қағаз жүзінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру қажет. Қызмет алушы мен қызмет көрсетушінің арасында тікелей байланыс болмау. Мұның өзі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің әдіс-тәсілі. Сол себепті мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін электронды форматқа көшіру өте тиімді. Адамдар әр мекеменің есігін қағып жүрмейді. Әрбір қызмет бойынша сервистар болуы керек. Әр мемлекеттік қызметтің өз қағидалары бар. Алдағы уақытта олардың барлығы бір жерге топтастырылса, ортақ бір сайты болса. Мысалы, әділет базасында барлығы бар, бірақ іздеуге қиындау. Егер мемлекеттік қызметтің толық атауын білмесеңіз, іздеп таба алмайсыз. Жергілікті атқарушы органдар бойынша 170-тен аса мемлекеттік қызмет атауымен тұрса, кез келген адам сайтқа кіргенде қажетті құжаты көрсетілсе, одан басқа артық ақпарат қажет емес. Қазір мемлекеттік қызмет бойынша egov сайтында сұрақ-жауап алынуда. Әр адам ЭЦҚ арқылы кіріп, алған мемлекет қызметі бойынша өз ұсынысын білдіре алады. Мемлекеттік қызмет сапасы бойынша 30-ға жуық сұраққа жауап бересіз. Мемлекеттік қызмет алушылар бағалауға қатысса екен дейміз. Бұл жылына бір рет өткізілетін, Мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген шара. Былтырғы есепке жүгінсек, Ақмола облысындағы жергілікті атқарушы органдар бойынша мемлекеттік қызмет алу сапасын арттыру көрсеткіші – 82%. 

Өзгелердің жаңалығы