«Азаматтарға арналған үкімет» ХҚКО-лардағы кезекті түсіндірді

16 Шілде 2019, 13:16
1649
Бөлісу:
«Азаматтарға арналған үкімет» ХҚКО-лардағы кезекті түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева Facebook-тағы жеке парақшасында ХҚКО-лардағы кезектің неліктен туындайтынын түсіндірді.

Әсемгүл Балташеваның айтуынша, фронт-офистердегі қызмет көрсету сапасына қатысты халықтың арыз-шағымы үнемі ескеріліп отырады, корпорацияның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарына келіп түсетін өтініштер де бейжай қалмайды. Соңғы уақытта ХҚКО-ларда үкен кезектің туындауы да азаматтарды мазалайтын көрінеді. 

«Жаз маусымында халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын халықтың қарасы екі есе өседі. Бұл ең алдымен демалушылардың сапарға шығуға қажет құжаттарын жасатуымен байланысты. Ал кезекті демалысқа шыққан өзге азаматтар баспаналарының қағаздарын жасатып, тұрақты тіркеуге тұрып, көліктерін сатып, жаңасын алуымен байланысты», - дейді Ә.Балташева.

Бұдан басқа, ХҚКО-ға келушілердің күрт өсуі мемлекетіміздің әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріп, олар үшін әлеуметтік бағдарламалар құрып, қолдау саясатын белсенді жүргізуімен де байланысты. Себебі жеңілдіктерді қарастыратын бағдарламаларға қатысу үшін бірқатар анықтама мен құжатты жинау керек. Бұл үшін де адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылады.

Сондай-ақ басқарма төрайымы еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-ларында туындаған кезек мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, ҚР ІІМ-нің енгізген жаңашылдықтары 1 шілдеден бастап көлік иелерін әбігерге түсіріп, қызметтердің дер кезінде көрсетілуіне кедергі келтірді. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі ақау кезектің туындауына алып келген.

«Өз тарапымыздан бұл мәселені шешу үшін бірқатар шара қабылдап, «соңғы клиентке» дейін жұмыс істеп, құжатты қабылдаушы мамандардың санын арттырдық, сондай-ақ автоХҚКО-дан қала бағытына жүретін тегін автобустар ұйымдастырдық. Бүгінде ондағы қызмет қалыпқа түсіп, жұмыс барысы реттелді» – деп жазды басқарма төрайымы Facebook-тегіпарақшасында.

Әсемгүл Балташева бұл ретте мемлекеттік қызметтердің 71%-ның электрондық форматқа өткенін тілге тиек етіп, азаматтарды мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ, онлайн түрде алуға шақырды. Ол керекті анықтамалар мен құжаттарды egov.kz сияқты электронды портал, mgov.kz қосымшасы және телеграмдағы EgovKzBot арқылы онлайн алуға болады, ХҚКО-сыз да құжаттарды алудың балама жолы бар дей келе, цифрлық жаңашылдықтарды пайдаланатын қазақстандықтардың санының артатынына үлкен сенімін білдірді.



Өзгелердің жаңалығы