Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық бидай жаңа нарықты бағындыруда. Экспорттан түскен пайда көлемі 53%-ға артқан. Бұл туралы Еnergyprom.kz хабарлады.
Ағымдағы жылдың бірінші айында Қазақстан 691,8 мың тонна бидай мен меслинді экспорттаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35,1%-ға артық. Экспорт көлемі ақшалай баламада 116,7 млн АҚШ долларын құрады.
Қазақстандық бидай экспортының көлемі бойынша Өзбекстан көш бастап тұр (43,5 млн АҚШ долл), Тәжікстан (21,3 млн АҚШ долл құрады, жылына 2,1 есе өсті) және Әзірбайжан (14,5 млн АҚШ долл құрады, бір жылда өсім-бірден 5,1 есе). Әлемнің басқа елдері арасында ең үлкен көлем Ауғанстанға (6,3 млн АҚШ долл), Түркия (2,6 млн АҚШ долл) және Италияға (2,1 млн АҚШ долл жылына 70,3%) тиесілі.
ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бидайдың Орта Азия және Ауғанстанға жөнелтілетін дәстүрлі нарықтарын атап өтті, сондай-ақ Қытайға жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Қаңтар айында Қазақстан Иранмен бидай жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Грузияға да қазақстандық бидай жеткізу мәселесі пысықталуда. Осылайша жаңа нарықтарды ашу көзделуде.
2019 жылғы қаңтарда ТМД елдері үшін қазақстандық бидайдың экспорттық бағасы 32,7%-ға, әлемнің басқа елдері үшін 7,6%-ға өсті. Жалпы, ағымдағы жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша бидайдың экспорттық бағасы 24,6%-ға өсті.
2018 жылғы қаңтар-желтоқсан қорытындысы бойынша ТМД елдері үшін қазақстандық бидай бағасы 5,2%-ға өсті, қалған елдер үшін керісінше 0,9%-ға қысқарды. Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша бидайдың экспорттық бағасы 3,2%-ға өсті.
Десек те өткен жылдың қорытындысы бойынша бидайдың жалпы түсімі 6%-ға, ал өнімділігі 1%-ға төмендеді.
2018 жылы өнімділік гектардан 12,3 центнерді құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9%-ға кем. Сонымен қатар, аграршылар жыл сайын бидай сапасының нашарлағанын атап өтті. Себебі маусымның ауа райы ерекшеліктері ішінде суық көктем, артық ылғалды жаз, кеш жинау сияқты факторлар әсерін тигізеді.