Қазақстанда жаңа мамандықтар атласы жасалады

30 Тамыз 2019, 05:43
5171
Бөлісу:
Қазақстанда жаңа мамандықтар атласы жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жаңа мамандықтар атласы жасалады. Тиісті шешім Нұр-Сұлтанда өткен салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарды әзірлеу бойынша Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы барысында қабылданды, деп хабарлады Елорда Инфо.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Тамара Дүйсенова, Ұлттық кеңеске мүше бірқатар министрліктердің вице-министрлері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен компаниялар қатысты.

Жиында сөз алған BTS Digital білім беру орталығының басшысы Саясат Нұрбек  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ынтымақтастық аясында BTS Digital компаниясы Еуразиялық Ресурстық Топтың серіктесі «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын дамыту туралы айтты.

«Атлас – алдағы 10-15 жылға арналған перспективалы салалар мен мамандықтардың болжамды картасы. Бұл бізге қай салалардың белсенді дамитынын, сол салаларда қандай жаңа технологиялар, өнімдер, басқару тәжірибелерінің пайда болатынын және жұмыс берушілер қандай жаңа мамандықтарды қажет ететінін түсінуге көмектеседі», ­-деп түсіндірді ол.

BTS Digital басшысының айтуынша, ЖМА-ның жасалуы қазіргі таңда Қазақстанда қолданбалы сипаттағы және жаппай қолдануға болатын баламалы өнімнің жоқтығымен байланысты. Мамандық таңдауға келгенде көптеген азаматтар ата-аналарының тілектерін, ішкі наным-сенімдерін басшылыққа алады және субъективті трендтерге сүйенеді.

«Сондай-ақ, экономиканы адекватты кадрлық ресурстармен қамтуға кедергі келтіретін, еңбек ресурстарының ағылуына және жұмыс күшінің босатылуына байланысты жеке адамның өмір сүру сапасына, экономикалық жағдайына әсер ететін бірқатар жүйелік алғышарттар мен қауіп-қатерлер бар. Негізгі факторларды екі категорияға бөліп қарастыруға болады. Біріншісіне мамандарды дайындауға деген талаптардың сипаты мен жылдамдығын өзгертетін объективті жаһандық терендтер кіреді. Мәселен, кәсіптерді өзгертіп, жоятын, тіпті, жаңа мамандықтардың пайда болуына алып келетін технологиялық өзгерістердің үдемелі жылдамдығы, толассыз цифрландыру сияқты. Екінші категория бірінші санаттан шыққан факторларға жауап бере алмауынан туындайтын жағымсыз салдарды білдіреді», - деді Саясат Нұрбек.

Жаңа мамандықтар атласын экономиканың 9 басым секторының негізінде жасау ұсынылады: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс. Айта кету керек, тау-кен өнеркәсібіндегі жаңа мамандықтардың атласы осы жылдың желтоқсан айында ERG есебінен әзірленеді.

 

 

Өзгелердің жаңалығы