Қазақстанда балалар фильміне қаншалықты көңіл бөлінуде?

1 Тамыз 2020, 10:06
6221
Бөлісу:
Қазақстанда балалар фильміне қаншалықты көңіл бөлінуде?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көптеген анимациялық және көркем, деректі фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков балаларға арналған фильмдерді түсіру саласындағы мәселелерді қаузады.

 

Батырхан Дәуренбековтың мамандығы – суретші-дизайнер. 

10-сыныпты бітірген соң Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем-сурет училищесіне түскен. 

Оның айтуынша, сол кездегі пединституттың 3-курс студенттері осы мекеменің 1-курс бағдарламасының білімін ала алмайтын. 

 

Мен кейін жоғары білім бәрібір керек болғаннан кейін А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің өнер факультетін дизайн мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол жерде деканаттың ұсынымы бойынша қалып, 7 жылдай дизайннан сабақ бердім, - дейді ол. 
 

Суретші графикалық суреттерін газетке жариялаудан бастаған. 

 

Бүкіл Қазақстан бойынша газет өте көп шығатын. "Замана" деген газет шығатын, қазір де бар. Қалада шығатын 20 шақты газетке графикалық сурет салып жүрдім. Ол кезде сапалы жұмысқа сұраныс көп болатын. Газет редакцияларына барып, тапсырыс алып, орындап жүрдім. Ол кезде қызықты оқиғаларға қатысты тапсырыс түсетін. Оларды зерттеп, түнімен газеттерге сурет салатынмын. Отбасымды асырауға нәпақаны солай таптым, - деді Дәуренбеков.
 

Безымянный.jpg


 

 

Суретші графикалық суреттердің қандай жолмен дүниеге келетінін айтты. 

Ол кезде фломастер, гель қаламсап та жоқ еді. Қара тушь пен перомен салдық. Ол кездегі перо да кеңестік және қытайлық болып бөлінетін. Сапалы перо іздеп, оларды үшкірлеп, нүктелеп сурет салатынбыз. Қазір кәдімгі фотоны да графикалыққа өзгерте салады. Біз тек қолмен салатынбыз. Өзге жерден көшіруге де болмайтын. Себебі тақырыпқа сай келмей қалады. Мен тақырыпты оқып алып, оны елестетіп, ең қызықты деген жерлерін қиял арқылы қағазға түсіретінмін, - деді ол. 
 

 

WhatsApp Image 2020-08-01 at 09.03.50.jpeg


 

 

Дәуренбеков бұл жұмыстың машақаты да аз емесін айтты. 

 

Перомен салынған жұмыс "инемен құдық қазғандай" болатын. Көз майын тауысып, түнімен 5-6 тақырыпқа графикалық сурет салатынмын. Кейде тушь төгілетін, кейде қалғып кетіп, суретіңді бүлдіріп алатын сәттер болатын. Өте кірпияз жұмыс еді, - деді ол. 
 

WhatsApp Image 2020-08-01 at 09.03.49 (1).jpeg

 

Суретші комикске қалай көшкенімен бөлісті. 

Комикс белгілі бір оқиғаны сурет арқылы жеткізу. Ол шетелде жақсы дамыған, бізде кеңінен әлі де пайдаланбайды, енді келіп жатыр. Сол кезде біз "Айбынды аула" дегенді ойлап тауып, бір қорада қаз бен тауықтардың, үй құсының өмірін суреттейтін қызықты комикс кітапшасын әзірледік. Сол комикс арқылы мультфильм жасауға көштік, - дейді ол. 

Анимациялық режиссер мультфильм жасауға не арқау болғанын айтты.  

Кішкентай кезімізден бастап батырлар жыры мен ертегілерді сусындап өстік. Оның барлығы комикс арқылы анимациялық фильмдерге ұласты. Өзімізді сынап көрейік деп тәуекел еттік. Шымкентте "Жебе" студиясын аштық. Анимацияға жақын балаларды жинадық. Ең алғашқы жұмысымыз "Алдар көсе мен шайтандар" болды. Әзірлеп, Алматыдағы Жүргеновке апардық. Әмен Қайдар ағамыздың көзі тірі еді. Сол кісіге апарып көрсеткенде, ол жылады. "Шымкентте менің ізбасарларым бар екен" деді. Себебі ол кезде тоқырау, мультфильм шығару тоқтап қалған еді, - дейді Батырхан Қалдарбекұлы.  

Суретші 50-ге жуық мультфильмге сценарий жазып, режиссерлік еткен. 

 

Оның біразы "Қазақфильмнің" тапсырмасы бойынша түсірілді. Әлеуметтік сауалнама бойынша Қазақстанда ең үздік 5 мультфильмнің тізімі жасалды. Соның ішінде 3-уі біздің туындымыз. "Қошқар мен теке", "Момын мен қарақшылар", "Толағай", "Қажымұқан" сынды мультфильмдер бар. Ал ең үздік мультфильм ол, әрине, толықметражды "Қазақ елі" мультфильмі. Каирде 90-нан астам ел қатысқан байқауда Керей мен Жәнібек туралы мультфильм 3 номинацияны ұтып алды, - дейді ол. 
 

WhatsApp Image 2020-08-01 at 09.03.49 (2).jpeg

 

Батырхан Дәуренбековтың ең сүйікті ісі - балаларға арналған фильмдерді жасау. 

"Томпақ" деген телехикая түсірдік. Ол "Балапан" телеарнасынан көрсетілген кезде 7 жылдағы ең үздік фильм болып танылды. "Қалқан құлақ" телехикаясы да балалардың көңілінен шықты. Ол желіге шыққан соң рекордтық көрсеткіш жинаған. Оның екінші бөлімін түсіруді ұсындық. Бірақ телеарна бізге қажетті соманы ұсынбаған соң келісе алмадық. Себебі анимация түсіруге де қомақты қаржы керек. Ол бір бөлмеде түсіріле салатын дүние емес. Тау-тасты аралау керек, киім тігу керек, - дейді ол.  

Суретші Қазақстанда балалар фильміне көңіл бөлінбейтінін айтты.  

Мәдениет және спорт министрлігінде өткен жиналысқа қатыстым. Онда қазақ киносының дамуы, олардан пайда таппау сынды тақырып талқыланды. Сол кезде мен осы балалар фильміне қатысты мәселені көтердім. Жиналысты басқарған қазіргі министр Ақтота Райымқұлова еді. Ол жердегі мүйізі қарағайдай режиссерлар "балалар фильмінен қандай пайда көреміз?" деп сұрады. Біз балалар фильмін пайда табу үшін түсірмейміз ғой. Біз балаларды патриоттыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін туынды әзірлеу керек екенін айттым. Сондай туынды әзірлесек, біздің елге әкелетін ең үлкен пайдамыз сол екенін жеткіздім. Кейін оны барлығы қолдады, - дейді ол. 

Дәуренбековтың пікірінше, қазірдің өзінде "Қазақфильм" балалар фильміне барынша көңіл бөлмейді.

 

Ұсыныс жасаймыз. "Алтын сақа" және өзге ертігілерді түсірейік дейміз. "Сақ" киностудиясы біраз тәжірибе жинады. Қазір біз үлкен экранға шығатын фильмдерді түсіруге дайынбыз. Әрине, мемлекет тарапынан тапсырыс болса. Балаларды патриот етіп тәрбиелеу туралы көп айтылады. Ал тәрбиелейтін ертегілер түсірілмейді. Әлемде де ондай тәжірибе бар. Балалар "Гарри Потерді" көреді. Біздің фольклорымыз өте бай. Әлемдік деңгейге шыға алатын анимациялық балалар фильмін түсіруге болады. Мысалы, шетелдіктер "Таусоғарды" "Халк" етіп түсіріп тастады, "Желаяқты" тағы жаңа кейіпкер етулері әбден мүмкін. Сондықтан өзіміздің туындымызды дайындау керек, - деді ол.
 

Батырхан Қалдарбекұлы фильм түсіруде суретшілік өнер зор үлесін тигізген.  

Суретшілік өнерім кинода көп көмектесті. Себебі жарық пен түс, композициямен жұмыс істей алдым. Шетелдік бір ғалым "мықты режиссер суретші әрі әдебиетші болу керек" деген. Маған да осы қылқалам өнері зор септігін тигізді, - деді ол.  

Батырхан мен жұбайы Гүлмира 5 баланы тәрбиелеп отыр. 

Жұбайым Гүлмира да өнер адамы. Гобелен тоқиды. Кесте де тіге алады, - деді ол. 

 

WhatsApp Image 2020-08-01 at 09.03.49.jpeg


 

Суретші карантин кезінде жасаған жұмыстары туралы да айтып берді.

Карантин кезінде биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай қалалық бюджет есебінен жарты сағаттық 10 сериялы фильм түсіріп біттік. Режиссерлығын мен алдым, сенарийге де атсалыстым. Әл-Фараби туралы ақпарат өте аз, ғылыми еңбекті мен білім алғаны туралы ғана бар. Ол туралы ғылыми зерттеу жұмыстарын зерделеп туынды әзірледік. Қазір монтажын жасап жатырмыз. Ол қазан-қараша айларында эфирге шығады, - деді ол. 

Сондай-ақ ол "Алтын тарақты қыз" сақ дәуіріндегі өнер туралы фильмге сценарий жазып жатқанын айтты.

Ол фильм арқылы сақ дәуіріндегі аң стилінің қалыптасуы мен дамуы көрсетіледі. Сақ дәуіріндегі өнердің пайда болғанын бүкіл әлемге паш ету мақсаты тұр, - дейді ол. 

Оған қоса Батырхан Дәуренбеков 27 жыл бұрын салған суретінің тарихын айтып берді.

WhatsApp Image 2020-08-01 at 09.03.50 (1).jpeg


 

 

Бұл картина "Бақыт құсы" деп аталады. Мен бұл жұмысымды сонау 1993 жылы, яғни 27 жыл бұрын жазыппын. Кенепке майлы бояумен салдым. Ол кезде мен әлі бойдақ едім, сондықтан осы жұмысқа кіріскенде ойымдағы әдемі қазақ қызының образын холстқа түсіріп, бақыт құсымды қолға қондыруды армандаған болармын... Содан 4-5жыл өткен соң дәл осы картинадағы қызға ұқсайтын әдемі қызды кездестірдім. Құдай кездестірген болар, үйлендік, үй болдық. Ал картина біте салысымен сатылып кетті, - деп есіне алды Дәуренбеков.
 

Суретші сол кезде теңгеміздің құны күшті, енді шыққанын айтты. 

Манас деген бизнесмен кісі әйелінің туған күніне 5 мың теңгеге сатып алды. Үш күннен соң келіп алып кететін болған. Өйткені бояуы әлі кеппеген еді. Сол кездегі менің "коммерциялық жилкамды" айтамын да, үш күн ішінде картинаны фотоға түсіріп, наурызға календарь- плакат жасап, оны баспаханадан шығартып, киоскілерге өткізіп тастағам ғой. Сонымен, ана кісі картинасын алуға келеді ғой. "Батырхан, мына картина киоскіде сатылып жатыр ғой", деп көзі домалақ боп кеткен. Мен де міз бақпаймын. Түпнұсқасы өзіңізде ғой деп. Кейін әйеліме айтамын да, мен сені көрмей тұрып картинаға салғанмын деп, - дейді ол. 

Суретші қазір бақыт құсы үйіне қонғанын жеткізді.

Аллаға шүкір, "Бақыт құсы" үйімізге қонды. Құрбан айтымыз құтты болсын. Ниеттеріміз қабыл болсын. Шалған құрбан малдарымыз Алла тағаланың пенделеріне мейірімін түсіріп, пәлекеттің бетін қайтаруына себепкер болсын, - деп тілегін айтты ол. 

 Айта кетейк, Батырхан Дәуренбеков ҚР мәдениет қайраткері, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері. Биыл "Аманат" қоғамдық таңдау төсбелгісімен марапатталды.

 

 

 



 

Өзгелердің жаңалығы