Қазақстан жастардың мейірімді мекеніне айналады ма?

20 Мамыр 2019, 14:54
1652
Бөлісу:
Қазақстан жастардың мейірімді мекеніне айналады ма?

Әлем халқының 1,8 миллиарды – жастар болып табылады. Бұл дегеніміз АҚШ халқының санынан үш есе артық. Көптеген мемлекеттер жастардың қоғам дамуындағы қозғаушы рөлін мойындай отырып, қолайлы жағдайлар жасауға тырысады. Осы орайда жастардың дамуына тең жағдайларды қамтамасыз ету, өзгерістердің динамикасын зерделеп, жастардың әл-ауқатын бағалау үшін заманауи социометриялық әдістермен Жаһандық даму индексі өлшенеді. ЖДИ-ге 2013 жылы Қазақстан да қосылып, жастар дамуы тұрғысынан орташа көрсеткіштерге ие болды.

Осыған орай жаһандық әдістемелік жүйе негізінде қазақстандық жастардың әл-ауқаты деңгейін өлшеу үшін 2016 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшілігімен «Жастарға мейірімді мекен» индексінің сынамалы жобасы әзірленді. Жобаның басты мақсаты – барлық жастар саясаты институттары қызметінің жүйелілігін қамтамасыз ету, еліміздің қалалары мен аудандарында мемлекеттік жастар саясатын (МЖС) іске асыру тиімділігін арттыру. Индекс МЖС-тың негізгі бағыттарын айқындайтын білім беру, денсаулық және салауатты өмір салты, жұмыспен қамту және әлеуметтік мүмкіндіктер, саяси, азаматтық қатысу, бос уақыт және қауіпсіздік тәрізді жеті саланы қамтиды.

Зерттеулерге сәйкес, Алматы облысы «Денсаулық және салауатты өмір салты» саласы бойынша Қазақстандағы ең қолайлы орта болып танылды. Бұл өңірде жастардың өлім-жітім деңгейі, жүйке жүйесі аурулары мен маскүнемдікке тәуелділігі төмен көрсеткіштер көрсетті. Ал жастардың денсаулығына қатерлі аймақтар қатарына Шығыс Қазақстан облысы жатқызылды. Аталмыш өңірде жас азаматтардың 9 % Қарулы күштерде қызмет етуге денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылды. Басқа аймақтармен салыстырғанда бұл ең басым көрсеткіш. Өзге аймақтарға қарағанда жастар арасындағы маскүнемдік мәселесі де ШҚО үшін өзекті болып табылады.

Дегенмен, зерттеулер Шығыс Қазақстан облысы жастардың кәсіби дамуына ең қолайлы аймақ екенін анықтады. Мұндағы жастарға өзге өңірлермен салыстырғанда экономикалық тұрақтылық тән. Ал жұмысқа орналасу және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен аймақ – Қарағанды облысы екен. Бұл өңірде NEET жастарының жоғары үлесі тіркелген.

Қоғамдық-саяси өмірде ең белсенді жастар Батыс Қазақстан облысында байқалады. Облыста жергілікті органдарға сайланатын жас депутаттардың үлесі еліміз бойынша ең жоғары. Ал жастардың бос уақытын ұйымдастыру мен шығармашылық әлеуетін дамытуға қолайлы өңірлер – Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Павлодар облысында жасөспірімдердің қосымша біліммен қамтылу деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен екі есеге жоғары екен.

Қауіпсіздік индексінің көрсеткіштеріне сәйкес, Алматы мен Қызылорда облыстары жастар үшін қауіпсіз аймақтарға жатады. Ал жастар өзінің жеке бас қауіпсіздігіне сенімсіздік танытқан аймақ – Ақтөбе облысы.

Сынамалы жобаның қорытындысы бірнеше нәтижеге қол жеткізді. Біріншіден, өңірдегі жастардың жағдайын зерделеу барысында әр өңірдің ағымдағы басымдықтарын көрсетіп, өңіраралық өзара әрекеттесуде қолда бар әлеуетті пайдалануға және қажетті ресурстармен алмасуға септігін тигізеді. Екіншіден, «Жастарға мейірімді мекен» жастар даму индексі халықаралық өлшем әдістемесіне сәйкес болғандықтан әлем жастарының әл-ауқаттылығын салыстырмалы талдауға қатысуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жобаның нәтижелік бағасы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырушы құзыретті органдардың жастар әл-ауқатын жоғарылату үшін таразыланған әрі негізделген шешім қабылдауға үлесін қосады.

Өзгелердің жаңалығы