Қазақстан "оралман" сөзінен ресми түрде құтылды

11 Наурыз 2020, 16:20
4039
Бөлісу:
Қазақстан "оралман" сөзінен ресми түрде құтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "оралман" сөзін "қандас" деп атау туралы ұсынысы Мәжілістен қолдау тапты. 

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілерге көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Аталған заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат Кәрібай Мұсырман ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін "жол жүру" құжатын енгізуді ұсынғанын айтты. 
Мәжілістегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының депутаттары ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасындағы "оралмандар" деп аталып жүрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз. Оларды біздің қоғамызға бейімдеп, жақын тарту үшін "қандастар" деп атауды ұсынамын дегенін қолдаймыз. Соған байланысты тиісті өзгерту енгізілді. Сөйтіп, бір кездері ойдан шығарылып, жағымсыз атауға айналған "оралман" сөзінің орнына алдағы уақытта "қандас" атауы қолданылады, - дейді Кәрібай  Мұсырман. 

Оның айтуынша, қандастарымызға елімізде тұрақты тұру рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Бұған дейін олар екі рет құжат жинап әбігерге түскен. Сондай ақ елімізде 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этникалық қазақтарды қосу көзделіп отыр. Бүл түзетулер қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуын жеделдетуге септігін тигізеді. Өңірлердің және инвестор компаниялардың сұраныстарына жедел ден қою үшін үкіметттің қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын және шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу жөніндегі фунциялары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі, - дейді депутат.
Сонымен қатар, еңбек мигранттарын маусымдық жұмысшыларға теңестіру арқылы оларды шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысқа тартуына рұқсат етіледі екен. 
Депутаттар ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін "жол жүру" құжатын енгізуді ұсынды. Соттардың шешімімен елден шығуы тиіс жүздеген шетелдік ешқандай жарамды құжатының болмауына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмай, полицияның қабылдау-бөлу орындарында мемлекеттік бюджет есебінен тегін тұрып жатыр, - дейді ол.
Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.


Өзгелердің жаңалығы