Қазақстан мен Қырғызстан көші-қон саласындағы келісімге қол қойды

28 Қараша 2019, 00:35
16264
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстан көші-қон саласындағы келісімге қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары барысында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, құжатқа Бішкек қаласында Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Қырғыз Республикасының мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Болотбек Ибраимжанов қол қойды.

Келісімде тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы азаматтар, Қазақстан немесе Қырғызстан азаматтығына қабылданған немесе азаматтығы қалпына келтірілген адамдар туралы, оның ішінде қос азаматтық фактілерінің жолын кесу үшін мәліметтер алмасу, тәжірибе алмасу және практикалық көмек көрсету көзделеді.

Қазақстан қазірдің өзінде Өзбекстанмен, Тәжікстанмен және таяу арада Әзірбайжан мен Беларусь елдерімен осындай келісімдер жасады. Армениямен де осындай келісімге қол қою жоспарлануда.

Бұдан басқа, ІІМ биыл ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан топтардың әрекеттеріне және есірткі қылмысына қарсы күрестегі өзара іс-қимыл туралы бірқатар үкіметаралық келісімге қол қойды.

Аталған келісімдерге қол қою Қазақстанға заңсыз көші-қон деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді және көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірлескен жұмысты күшейтеді, - делінген хабарламада.

 

Өзгелердің жаңалығы