Қазақстан мен Грузия электроавтобус құрастырмақ

31 Наурыз 2019, 16:48
2601
Бөлісу:
Қазақстан мен Грузия электроавтобус құрастырмақ

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстандық кәсіпкерлер Грузияда электроавтобус құрастыратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы 24kz сайты хабарлады.

Грузия қазіргі таңда экологиялық таза көлік құралдарын дамытуға ден қойып отыр.

Тбилиси мэриясы қазір «Жасыл саясат – экокөлік» жобасын дайындап жатыр. Құжатқа сәйкес Грузия келесі жылы 200-ге жуық электравтобус сатып алмақшы. Бірақ қазақстандық кәсіпкерлер мұндай көлікті осы елде құрастыру туралы ұсыныс жасаған. Инвесторлар жобаға миллиондаған доллар қаржы құюға дайын.

«Қазақстандық тарап жобаға 10 миллион доллар қаржы салуға әзір. Бірақ Грузия жыл сайын кем дегенде 100 автобус сатып алуы керек. Елдегі осы көлік түріне қажеттілікті ескерсек, бұл сан аса көп емес. Жобаның келешегі де зор. Себебі қазақстандық тарап 2 жылдан кейін өндіріс ошағын басқаруды Грузияға беруге әзір», - дейді Грузия парламентінің депутаты Давид Чичинадзе.

Қазақстандық бизнесмендердің Грузияға инвестициясы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы ресми сапарынан кейін артқан. Мемлекеттің өткен жылғы Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 150 миллион долларға жуықтаған.

Грузиндік сарапшылар электроавтобусты құрастыру жобасы екі жаққа да тиімді екенін айтады. Бірақ Грузия бұл көлікті сатып алуы үшін бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс деген пікірде.

«Қазіргі таңда Грузия электроавтобустарды шетелдерден сатып алуда. Сондықтан оның құны маңызды. Мысалы, неміс автобусы 100 мың доллар болып, Грузияда жасалатын көлік 150 мың доллар тұрса, бұл Грузия үшін тиімді деп ойламаймын. Сондықтан автобустың құны мен сапасына көп мән берілетін шығар», - дейді экономикалық мәселелер бойынша сарапшы Вахтанг Чарая.

Өзгелердің жаңалығы