Қазақстан ДСҰ мүшелеріне мемлекеттік сатып алу нарығын ашуға қадам жасады

4 Желтоқсан 2019, 16:32
17336
Бөлісу:
Қазақстан ДСҰ мүшелеріне мемлекеттік сатып алу нарығын ашуға қадам жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Мемлекеттік сатып алу туралы келісіміне қосылуға өтінім берді.

Айта кетейік, Қазақстан ДСҰ-на 2015 жылы қосылды.

Ел, шарттарға сәйкес, төрт жыл ішінде мемлекеттік сатып алу туралы келісімге кіру туралы келіссөздерді бастауға міндетті болды, —  делінген ДСҰ хабарламасында.
Қазақстан 2016 жылғы қазаннан бастап осы келісімде бақылаушы болды.

ДСҰ Мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасы Карлос Вандерлу Қазақстанның осы өтінімі елдің осы сегментте реформа жүргізу ниетін куәландырады деп атап өтті. Ол, сондай-ақ, Қазақстанның бұл қадамын оң деп бағалады.

Келісім өзара негізде шетелдік ойыншылар үшін мемлекеттік сатып алу нарығын ашуға және оларды барынша ашық етуге бағытталған. Құжат Мемлекеттік сатып алудағы келісім тараптарының өнімдері, қызметтері мен жеткізушілері үшін кемсітпеушіліктің заңды кепілдігін ұсынады, олар қазіргі уақытта жылына 1,7 трлн долларға бағаланып отыр, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ДСҰ-ның 48 мүшесі осы келісіммен байланысты. Австралия — 2019 жылы Келісімге қосылған соңғы қатысушы.

Келіссөздер Қазақстан ұсынған нарыққа қол жеткізу туралы ұсыныс және оның мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға қатысты сұрақтардың бақылау тізіміне жауаптары негізінде жүргізіледі, — делінген ДСҰ хабарламасында.

Бұдан басқа, Қазақстан 2020 жылдың маусымында ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясын қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы