Қазақ әдебиетін әлемге насихаттаушылар кездесті

14 Қаңтар 2019, 13:33
4939
Бөлісу:
Қазақ әдебиетін әлемге насихаттаушылар кездесті
PHOTO

Астана. BAQ.KZ тілшісі. Астанада қазақ әдебиетін БҰҰ елдерінің  6 тілінде сөйлеткен аудармашылармен кездесу өтті. Кездесу барысында  шығарма авторлары аудармашылармен кездесіп, аударманы барынша жетік тілмен жеткізу жайын талқыға салды.

Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеxанұлының айтуынша,   әрбір жинақтың таралымы 10 мың данадан  басылатын болады.

"Қазақ антологиясы Біріккен Ұлттар Ұйымы елдерінің алты тіліне аударылып отыр. Олар: ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдері. Бүгінде бұл елдердің тілінде  70-тен астам ел сөйлейді. Барлығында 2,5 миллиард xалық тұрады. Аударылған  әр жинаққа  30 автордың шығармасы енді. Демек, проза мен поэзия бойынша 60 автор аударылды. Әрбір авторға бір баспа табақ беріліп отыр. Сонда әрбір жинақ 400-500 беттің көлемінде болады. Бұл - өте үлкен әрі ауқымды жинақтар. Ал авторларды Жазушылар одағы ұсынды ", - деді Р. Кенжеxанұлы.

Қазіргі қазақ әдебиетін аударуда Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған. 

"Кезінде қазақ қаламгерлері әлемнің үздік әдеби шығармаларын аударумен айналысты. Сол шығармаларды оқыған қазақ оқырмандары әр кітапты өзінің  әдебиетіндей қабылдады. Бұл аудармашының мықтылығы. Бүгінгі аударма да осы деңгейден төмен болмау керек",– деді жазушы Қажығали Мұхамедқали.

 Сондай-ақ, шетел аудармашылары қазақтың ұлттық дүниетанымына қатысты сөздер мен қобыз сөзін аудара алмағандықтарын айтты.
Олжас Сәндібек
Өзгелердің жаңалығы