Мәжіліс отырысында депутатқа мемлекет неліктен дәл қазір әкімшілік рақымшылық жариялауды қажет деп тапқаны жөнінде сұрақ қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылық Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері он бірінші рет өткізіліп отыр. Әдетте мұндай шешімдер ел өміріндегі маңызды тарихи оқиғалар мен мемлекеттік маңызы бар даталарға орай қабылданады.
Рақымшылық жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланып отыр
Депутаттың сөзінше, биылғы рақымшылық ең алдымен жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституциямен байланысты.
Биыл біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституцияны қолдадық. Осы Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жарияланып отыр, – деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, бұл қадам мемлекет жүргізіп отырған саяси-құқықтық реформалардың жалғасы саналады.
Депутат екінші маңызды себеп ретінде Мемлекет басшысының 17 наурызда әкімшілік рақымшылық өткізу туралы шешім қабылдағанын атады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет әкімшілік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылданды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, жалпы ТМД елдері арасындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық болуы мүмкін, – деді ол.
Осыған байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылықты қатар қабылдау ұсынылып отыр.
Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылықтың негізгі мақсаттарының бірі – әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету және қоғамға қауіптілігі төмен құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға екінші мүмкіндік беру.
Қылмыстық рақымшылық негізінен жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстарға қатысты қолданылмақ.
Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынған кейбір айыппұлдарды кешіру де көзделіп отыр.
Кімдер рақымшылыққа ілінбейді?
Депутат рақымшылық барлық азаматтарға бірдей қолданылмайтынын атап өтті.
Заң жобасына сәйкес:
- сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандар;
- террористік және экстремистік қылмыстарға қатысы бар адамдар;
- ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандар;
- қоғамға жоғары қауіп төндіретін өзге де қылмыстар үшін сотталғандар рақымшылыққа жатпайды.
Бұл санаттағы азаматтар бұрын да рақымшылыққа ілінбеген, қазір де ілінбейді, – деді Абзал Құспан.
Бұған дейін "Перизат Қайрат пен танымал блогерлер рақымшылыққа іліне ме?" деген журналистердің сауалына ІІМ ресми жауап беріп, резонансты істерге қатысты рақымшылықтың қандай жағдайда қолданылатынын түсіндірді.