Анадолы төрінде айтыс өтті

1 Қараша 2021, 13:00
2670
Бөлісу:
Анадолы төрінде айтыс өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркия астанасы Анкара қаласындағы «Қорқыт ата» мәдени орталығында халықаралық ақындар айтысы өтті. Айтыс өнерін түркі халықтарына таныстыру мақсатында ұйымдастырылған мәдени іс-шараға қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан және түрік ақындары қатысты.

Биыл түркі елдері Тәуелсіздіктерінің 30 жылдығын тойлап жатыр. Осынау атаулы дата аясында ТҮРКСОЙ ұйымы бізге керемет іс-шара сыйлап отыр десек артық айтқаным емес. Бұл ұйым 28 жыл бойы біздердің мәдениетімізді жақындастырда түсуге мұрындық болып келеді. Айтыс - сол игі бастамалардың жалғасы. Ата-бабамыздан мұра болып қалған бекзат өнердің дәл біздің ауданда ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын. Айтысты «Қорқыт ата» мәдени орталығында ұйымдастыруымыздың да сыры мәдени мұрамызға деген құрмет, - деді айтыстың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Анкара қаласы Этимесгут ауданының әкімі Энвер Демирел.

Ал мәдени іс-шараның өткізілуіне мұрындық болған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түбі-бір түркі халықтарына ортақ айтыс өнерінің өтуіне жан-жақты қолдау білдірген түрік тарапына ризашылығын білдіріп өтті.

Бүгінгі айтысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркиядан 12 ақынның басын қостық. Олар өз тілдерінде бүгінгі айтыстың көрігін қыздырмақ. Демек, түркі халықтарының тілдері әртүрлі болғанымен олар бір-бірін емін-еркін түсіне алатындығын осы жобамыз арқылы көрсеткіміз келіп отыр. Бұйырса, бұл мәдени іс-шарамыз келер жылдары да жалғасын табатын болады, - деді Дүйсен Қасейінов.

Айтулы додаға Қазақстан атынан азулы ақындар Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов және Бекарыс Нұриман қатысты. Ал қырғыз елінің намысын Азамат Болғонбаев пен Асылбек Маратов қорғады. Сондай-ақ Әзербайжаннан Рамин Гараев, Өзбекстаннан Бахтиор Артиков, Түркиядан Темел Тураби, Мұстафа Айдын, Яшар Демироғлы ақындар айтысын қыздыра түсті.

Алдын ала тартылған жеребеге сәйкес, ең алдымен Рамин Гараев пен Яшар Демироғлы сөз қағыстырса, одан кейін Асылбек Маратов пен Бахтиор Артиков, Бекарыс Нұриман мен Мұстафа Айдын, Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы мен Темел Тураби, Айбек Қалиев пен Азамат Болғонбаев айтысты.

Сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, Түркия төрінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өткендігін айтты.

Жалпы, айтыс ақындарына қазақтың құрметі қашанда өте жоғары. Ақын халықтың үні, халықтың көкейінде жүрген дүниелерді жеткізуші саналады. Айтысымыздың тағы бір ерекшелігі қыз бен жігіттің арасында да өрбитіндігі. Бұл басқа түркі әлемінде жоқ десек те болады, - деді Елші.

Айтыс біткеннен кейін ақындардан түркі елдері арасында алғаш рет өткізілген айтысқа қатысты пікірін білдік.

Бұл - халықаралық дәрежеде ұйымдастырылған алғашқы айтыстардың бірі деуге болады. Тұңғыш деуге келмес. Себебі бұған дейін бірнеше елде халықаралық айтыс өткен еді. Бірақ, бүгінгі айтысты ұйымдастырған ТҮРКСОЙ ұйымы түркі дүниесі ақындарын кеңінен қамтуға тырысқан екен. Қазақтың, қырғыздың, әзербайжанның, өзбектің және түріктің ақыны қатысты. Іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан ақындардың бір-бірін түсінісуі, яғни тілдік тұрғыда аздаған қиындықтардың орын алу заңды деп ойлаймын. Айтысқа түрік тіліне жетік қазақ ақындары келді. Мәселен, Әсем Ережеқызы мен Бекарыс Нұриман түрік ақындармен әдемі айтыс өткізе білді. Бірақ, бұл бір жақты болмауы тиіс. Түрік тілді бауырларымыз да біздің қазақша айтқанымызды түсініп, икемделе білсе, онда бұл айтыстың өрісі мұнан ары да кеңейе түспек. Ал қазақ пен қырғыз айтысын тіл мәселесі жоқ, еркін айтыса береміз. Болашақта басқа елдердің ақындарымен дәл солай айтысамыз деп үміттенемін, - деді Бекарыс Шойбеков.

Оның айтуынша, айтыс бұрынырақта түркі, араб елдерінде болған. Бірақ, қазіргі қалпында қазақ пен қырғызда ерекше дамыған.

Түркі әлемінде айтыстың көрігін қыздырып жүргендер қазақ пен қырғыз халқы. Енді міне ТҮРКСОЙ-дың демеушілігімен түркі тілдер елдердің ақындарының айтысы өтті. Ақындар сайысы ерекше болды десем артық айтқаным емес. Өйткені, қазақ-қырғызбен қатар әзербайжан, өзбек, түрік ақындары сахна төрінде сөз қағыстырып, қызықты бола түсті. Дегенмен, айтыстың ажарын қазақ пен қырғыз ақындары ашқаны сөзсіз, - деді Азамат Болғонбаев.

Ал қырғыздың тағы бір ақыны Асылбек Маратов халықаралық айтыстың жақсы өткенін айтады.

Мұндай халықаралық айтысқа алғаш рет қатысып отырмын. Оған дейін қазақтың ақындарымен сахна төрінде талай айтыстым. Меніңше, бүгін нағыз айтысты қазақ пен қырғыз көрсетіп, қалған түркі елдерінің өкілдері лайықты деңгейде өнер көрсете алмаған сияқты. Әлбетте, мұнан да жоғары деңгейде өткізу үшін түркі елдерінің – әзербайжан, өзбек, түрікмен, түрік ақындарының айтысын жиі өткізіп тұрған жөн болар. Сонда оларда қазақ пен қырғыздың деңгейіне тез арада жететіндігі сөзсіз. Дүйсен Қасейінов ағамыз (ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы) айтқандай, түркі халықтарына ортақ тілдің керегі жоқ. Ақындарымыз жиі айтысып тұрса, бір-бірінің тілін еркін түсінетін деңгейге жетері анық, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркияда түркі жұртының айтыскерлері бақ сынайтыныны жайлы хабарлаған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы