Аймақтарда әртүрлі аурулар пайда болуы мүмкін- эпидемиолог

10 Сәуір 2024, 18:29
3796
Бөлісу:
Аймақтарда әртүрлі аурулар пайда болуы мүмкін- эпидемиолог
Фото: Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметі

Маман су тасқыны болған аймақтарда түрлі инфекциялық аурулардың өршитінін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің кей өңірлеріндегі су тасқыны салдарынан денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға суды пайдаланбауға кеңес берген еді. Аталмыш жағдай елімізде түрлі инфекциялық аурулардың өршуіне алып келуі мүмкін деген болжам бар. 

Осы тұрғыда «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» директорының орынбасары Ғазиз Надуев мырзамен әңгімелестік.

- Ғазиз мырза, су тасқыны болған аймақтарда инфекцияның қандай түрлері өршуі мүмкін?

Су тасқыны болған аймақтарда сібір жарасы, тырысқақ, бруцеллез, туляремия, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы секілді аурулар тарайды.

- Сонда бұл аурулар неден туындайды?

Эпидемиологиялық және эпизоотологиялық бақылау кезінде адамдардың сібір жарасымен сырқаттануына және эпизоотиялық жағдайдың күрделенуіне ветеринариялық куәландырусыз, сібір жарасымен ауырған, лажсыздан сойылған ауылшаруашылығы жануарлары себеп болғаны анықталды. Адамға сібір жарасы жанасу жолымен (малды сойып бөлшектегенде, терісін илегенде), спорамен жұқпаланған тағамдарды жегенде және ластанған су, топырақ, тері өнімдері арқылы жұғады. 

Ал тырысқақ ауруының таралуының негізгі себебі - қауіпсіз судың тапшылығы не жоқтығы, санитариялық құралдардың болмауы, бұған қоса, қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауы болып табылады. 

Бруцеллез – қолайсыз шаруашылықтар мен пункттердегі жануарларды уақытылы сауықтырмау, анықталған ауру малды күтіп-ұстау, уақытылы соймауы және жойылмауы тұрғындар арасында инфекцияның кең таралуына әсер етеді. Бұл ауру адамға жанасу, тамақ және ауа арқылы жұғады. 

Туляремия - терімен, көз шырышты қабығымен, тыныс алу жолымен, әсіресе жабайы дала тышқандарының нәжістерімен ластанған су, тағам арқылы асқазан-ішектен жолымен жұғуы мүмкін. 

Бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы – инфекцияны таратушылары кеміргіштерді ұстаған кезде немесе кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған ауыл шаруашылық өнімдері, тағам және су арқылы ауру жұғады.

- Тұрғындар үйлеріне қайта барған соң сіз атап өткен инфекциялардан сақтану үшін қандай іс-әрекеттер жасау керек? –

Жеке басының сақтық шараларын қорғау мақсатында жабық киім (жеңі ұзын киімдер, қолғап) мен бетперде тағып, үй ішін дезинфекциялау керек. Судың беткі қабаттарындағы суға және сыртқы орта нысандарына тырысқаққа мамандардың көмегімен зерттеулер жүргізілу қажет. Жеке басын антисептикалық дезинфекциялау арқылы залалсыздандыру мағызды. Сондай-ақ аталған залалсыздандыру, тазарту жұмыстарын жергілікті мамандардың кеңесімен бірлесіп атқарған дұрыс.

Берген ақпаратыңызға алғыс білдіремін.

Өзгелердің жаңалығы