Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Ақиқат» қоғамдық сараптау комиссиясының төрайымы Айман Омарова комиссияның 9 ақпандағы жағдай бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
Ол негізінен Алматыда абақтыда отырған 3 студенттің жағдайы және Алматы қаласы прокуратурасы мен өзге аймақтардағы прокуратуралардың жұмыстары жайлы мәлімет берді.
Ол бұған дейін Азат Уәли, Дастанбек Жайылханов, Азамат Амангелдиев есімді үш студенттің жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін қамауда отырғанын айтқан еді. Олардың екеуі 19 жаста, біреуі жиырмада. Айтуынша, оларды қарулы адамдар ұрып-соғып, алаңдағы митингке қатыстырған.
Оларды қарулы адамдар мәжбүрлеп апарған. Бұны мәжбүрлі түрдегі экстремизм деп айтсақ болады. Қазір осы мәселені көтеріп, Қылмыстық кодекске өзгерту енгізу бойынша әрекет етіп жатырмын. Құзырлы органдарға өтініш жасадым. Себебі мұндай тұлғалар мәжбүрлі түрде экстремизмге баратын болса, онда оларды жауапкершіліктен босату керек деп санаймын,-деді комиссия төрайымы.
Сонымен қатар ол студенттерді ата-анасымен кездестіру жөніндегі өтінішін прокуратура орындағанын жеткізді.
Осыдан бір-екі күн бұрын прокуратураға осы балаларды ата-анасымен кездесуге рұқсат бермей жатқанын айтқан едік. Бүгін кездесуге рұқсат беріпті, ата-аналары қорғаушы ретінде қатысып жатыр. Сол үшін Алматы прокуратурасына алғыс айтамыз. Өйткені олар бұл мәселені өте жылдам шешті. Енді біз студенттерді абақтыда қалдырмай, бұлтартпау шарасын өзгертуін сұраймыз. Оларды үйқамаққа жіберсе жақсы болар еді. Қазір бұл мәселені қалалық прокуратруа қарап жатыр, қандай шешім шығаратынын кейін хабарлаймыз, - деді Омарова.
Ұсталған студенттердің бірінің анасы Жанна Макарова әділдік орнап, балаларды айыпталушыдан жәбірленушіге асыстырса деген ойын жеткізді.
Балаларымызды көрмегелі жиырма күннен асты. Шынымды айтсам осы аралықта заңымызға да әділ сотқа да сенім қалмады. Дегенмен, бүгін қамаудағы балалармен жолығуға рұқсат берді. Осылайша аз да болса моральдық демеуге ие болдық. Енді әділдік орнап, балаларымыз ақталып шығады деген үміттеміз. Айыпталушыдан жәбірленушіге ауысады деген ойдамыз. Өйткені оларды мәжбүрлі түрде апарған,-дейді ол.
Айман Омарова сондай-ақ кей өңірдегі прокуратуралар жылдам қызмет етпей жатқанын, ұсталғандардың туыстарынан оларға қатысты шағымдар көбейгенін жеткізді.
Алматыда жағдай қиын болды, ұсталғандар да көп. Соған қарамастан прокуратура біздің өтініштерімізді жылдам қарап жатыр. Ал, Қызылорда қаласының прокуратурасы жылдам қарап жатыр деп айта алмаймын. Халық Семей, Өскемен, Атырау, Тараз, Шымкенттің прокурорлары дұрыс жұмыс істемей жатыр деп шағымданып жатыр. Осыған байланысты Бас прокурордан бұл мәселеге назар аударуын сұраймыз. Прокурорлар өз жұмысын кешеуілдетіп, тиісті деңгейде атқарып жатқан жоқ. Кімде болсын өтініш жазса, оны жылдам қарау керек, - деді ол.