Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

16 Сәуір 2021, 13:35
3248
Бөлісу:
Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе
EX PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы №4 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Айман Досанова жастар көбінесе «жаспыз, бізде ауру жеңіл өтеді, сондықтан біз ауырамыз да тұрамыз», деп ойлайды. Осы ретте айтарым, әр қазақтың үйінде үлкен кісі бар, ата-әжесі бар. Сондықтан сіз тек өзіңізді ойламаңыз, ата-анаңызды, ата-әжеңізді, ағайынды ойлауыңыз керек, - дейді.

Covid-19 індетіне қарсы вакцинация елімізде 1 ақпаннан басталғаны белгілі. Екпені ең алдымен дәрігерлерден бастадық. Бізге ол кезде инфекциялық, модульдік аурухананың және 3 емхананың дәрігерлері бекітіліп, солардан бастап кеттік. Сәуір айынан бері вакцинацияға рұқсат берілгеннен кейін түрлі созылмалы аурулары бар адамдар, зейнеткерлер келіп алып жатыр. Апта бойы сенбі-жексенбі күндері де таңғы 8.00-ден 00.00-ге дейін екпе салып жатырмыз. Алғашында көп келмеп еді, қазір өздері сұранып, 51-89-71 нөмірі арқылы Call-center-ге хабарласып жазылады. Сонымен қатар, Damumed немесе e-Gov арқылы жазылыңыздар деп бағыттап тұрамыз, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Дәрігердің айтуынша, бүгінге дейін емханада 3000-ға жуық адамға вакцина салынған. Күніне шамамен 200-300-дей адам келеді екен.

Көбіне 200, кеше 300-дің үстінде болды. 100-ден бастап күннен күнге ұлғайып келе жатыр. Алғашқы кезге қарағанда қазір екпе салғызғысы келетіндердің қарасы көп. Мысалы, бүгін таңнан бері 200-дей кісі вакцина салдырды, - дейді эпидемиолог.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Айман Мұхтарқызы әрбір емханада қызмет ететін дәрігерлер мен орта буын медбикелерінің арнайы оқытылғанын, тест тапсырғанын айтады.

Санитарлық мекемеден иммунолог, эпидемиолог дәрігер келіп, апта бойы қызметкерлерді оқытып шықты, 111 қызметкер аттестациядан өтті. Дәрігерлер де, медбикелер де жұмысқа дайын кірісті. Емхана бойынша жылжымалы топтар жеткілікті, бәрі дайын тұр. Кешеден бері солар жұмыс істеп жатыр. Бірінші, екінші компонентке арналған екпе кабинеттері жеке. Қазір 3 екпе кабинеті бар. Оларға күн сайын бригада арнайы бөлінеді. Мұнда медбикелер мен тіркеушісін қосқанда бас-аяғы 4 адам болады. Олардың барлығы арнайы әзірліктен өтті, - деді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Дәрігер вакцина алу кезіндегі санитарлық талаптардың мұқият сақталатынын ерекше атап өтті.

Вакцина алу кезінде орындықтардың арасы қызыл сызықпен бөлінген. Арақашықтықты сақтау, маска тағып отыру, антисептик қолдану міндетті, рециркуляторлар күні бойы қосулы тұрады. Екпе бөлмелерін 96-шы санитарлық ереже бойынша уақытында мезгіл-мезгіл жинап тұрамыз. Кварц күн сайын 13:00-ден 14:00-ге дейін және 18:00-ден 19:00-ге дейін қосылады. Өйткені, вакцинация түнгі сағат 00.00-ге дейін жасалады, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Вакцина алуға пациенттердің өздері келіп жатыр. Соңғы уақытта зейнеткерлер, 70-тен асқан, 80-ге таяған үлкен кісілер көптеп келуде.

Әрине, біз оларды бірінші дәрігердің қарауынан өткізіп аламыз. Егер олардың созылмалы аурулары болса, кейде өздерінің учаскелік дәрігерлеріне жіберіп, солардың рұқсатымен аламыз. Неге десеңіз, созылмалы аурулардың кейде қозып кететін сәті болады. Осындай жағдай болмас үшін алдымен дәрігерлерге тексерілуге жібереміз. Сонымен қатар, әр адам вакцина алмас бұрын сауалнама толтырады. Қандай аурулармен ауырды, аллергиясы бар ма, жоқ па, коронавируспен қай уақытта ауырды, онкологиялық немесе басқа да аурулары болса, соларды белгілетіп, анықтап аламыз. Содан кейін барып дәрігердің қарауына барады. Дәрігер нақтылап, пациенттің қан қысымын, сатурация көрсеткішін анықтап, ауыз қуысын тексеріп шығады. Егер сол уақытта азаматтың қан қысымы жоғары болса немесе ауыз қуысында қызару және басқа да өзгерістер байқалса, уақытша медициналық шектеу беріледі. Вакцинацияға жібергеннен кейін 30 минут медициналық бақылау бөлмесінде отырады. Кетер алдында да бастан-аяқ тексереміз, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Дәрігер егер адам коронавируспен ауырған болса, онда оған тек 6 айдан кейін вакцинация алуға болатынын, ал бала емізіп жүрген және жүкті әйелдерге вакцина алуға болмайтынын айтады. Екпе салдырған азаматтың қолына вакцина алғаннан кейін 3 күн ішінде не істеуге болмайтыны туралы ереже қағазын ұстатып жібереміз, дейді.

Сауна, моншаға баруға, алкогольді ішімдік тұтынуға, ауыр жұмыстар жасауға болмайтынын, қазір жастар фитнеске көп барады, түрлі темірлерді көтереді, осындай әрекеттердің барлығынан уақытша шектеле тұру керегін ескертіп, ережені қолына береміз. Вакцинаның инструкциясында да жазулы тұр. Вакцина алғаннан кейін 3 күн ішінде қызу көтерілуі мүмкін, денесі, буындары, сүйектері сырқырап ауыруы, әлсіздік байқалуы мүмкін, оның бәрі – организмнің қалыпты, жайлы реакциясы. Ол болуы керек. Оның өзі кей адамдарда болады, кей адамдарда болмайды. Дәрігер қызуын түсіру үшін қандай дәрілер қабылдау керегін айтады. Жедел-жәрдем шақырып керек емес. Ол – қалыпты жағдай, - дейді дәрігер.

Бір айта кететін жайт, мұнда емханада тіркелгендер ғана вакцина салдырмайды. Қазақстан бойынша тіркеуі бар, кез келген азаматқа екпе салынады.

Біздің емханаға тіркелу міндетті емес, Қазақстан бойынша тіркелгендердің бәріне екпе саламыз. Қазақстанда тұруға рұқсат алған шетелдіктер де келіп жатыр. ЖСН нөмірі болса, жеткілікті. Ешқандай құжаттың қажеті жоқ, жеке куәлігі болса болды, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Айман Досанова егер азамат екпенің бірінші дозасын қабылдап, екіншісін алам дегенше ауырып қалған болса, не істеу керегіне тоқталды.

Бірінші компонентті алғаннан кейін 21 күн өткен соң екінші компонентті алу керек. Содан кейін өзі тағы 7 күнге дейін создыруына құқылы. Яғни, азамат ұзақ жолға шығуына тура келіп немесе ауырып қалған болса, 7 күнге созуға болады. 21 күннен ерте алуға болмайды. Одан кейін алу керек. Коронавируспен ауырған болса, біз келген азаматқа түсіндіріп айтамыз, 21 күннің ішінде сақтаныңыздар, эпидемиологиялық жағдайға байланысты біз «қызыл» аймақтамыз ғой қазір. Сондықтан өзім жүріп түсіндіремін. 21 күннің ішінде маскаңызды тастамаңыз, антисептик қолданыңыз, арақашықтық сақтаңыз, халық көп жүретін жерлерге бармаңыз, деп түсіндіріп жіберемін. Неге десеңіз, иммунитет 50 күннен 60 күнге дейінгі аралықта түзіледі. Сондықтан сақтанып жүру керек. Вакцинаны өз еркіңізбен келіп алып жатқан соң, өзіңізге де жағдай жасау керек қой, - деді ол.

Дәрігер емханадағы вакцина қоры жеткілікті екенін айтты. Ол күніне біршама адамды вакцинамен қамти алатындарын жеткізді.

Барлығына жағдайымыз жетпейді деп те айтпаймыз. Неге десеңіз, бізде отбасылық учаскелер бар ғой, солар бойынша күнге бөліп қойғанбыз. Олар үлгермей жатса, тағы да кабинет ашамыз. Адам аз болған күні бір кабинетте, кейде 2 кабинетте жұмыс жүріп жатады. Егер бұдан көп болса, кабинет санын ұлғайтамыз. Қазір сауда орталықтарында да екпе пункттері жұмыс жасап жатыр. Бригадамыз кешеден бері сондай жерлерде жүр. Әрине, оңай емес, пандемия басталғалы бері медицина қызметкерлеріне қиын. Түскен ауыртпашылық жоғары. Шыны керек, үйін-күйін көрмей жүргендер қазірдің өзінде бар. Соңғы бригада түнгі 00.00-де бәрін жауып, есебін жасап бірақ кетеді. Күн сайын есеп береді. Қанша вакцина алынды, қанша вакцина салынды, оның ішінде категориясын дәрігерлер, мұғалімдер, созылмалы аурулары барлар, басқа тұрғындар деп бөліп күн сайын есеп беріп тұрады. Бұдан бөлек, статистикалық мәліметтеріміз бар бар. Мұның бәрі DAMU ақпараттық жүйесі арқылы өтеді. Соның бәрін олар күн сайын сұрыптап, есеп беріп тұрады, - деді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Айман Мұхтарқызы вакцинация басталған сәтте өздері де күмәнданғанын айтады.

Біз де тірі адамбыз, күмәндандық. Алсақ па, алмасақ па деген ой болды. Өйткені біз қанша жерден дәрігер, медициналық қызметкер болсақ та, түсіп жатқан фейк ақпараттарға кейде ойланып қаласың. Мынадай профессор, мынадай дәрігер осылай деп жатыр дегенде, біз де күмәндандық. Бірақ, екпені тек жас дәрігерлер, жас медицина қызметкерлері ғана емес, түрлі жастағылар ала бастаған кезде, әрі өзіміз де жан-жақты оқып түсінгеннен кейін қорқатын ештеңесі жоқ екенін білдік. Осы жерге неше күннен бері келіп жатқан халықты арнайы жерге отырғызып, түсіндіріп жүрген кезде менің таң қалғаным – үлкен кісілердің көптеп келіп жатқаны. Дені 70-тен асқан, 80-ге таяп қалған зейнеткерлер. Оларды ешкім қинап әкелген жоқ. Кейде балалары бізге хабарласып, «менің әкем бар еді, анам бар еді, олар 80-нен асты, соларға екпе алуға бола ма, алғысы келіп отыр», дейді. Соған қарағанда, сіздердің де ақпараттарыңыз жақсы жетіп жатыр деп ойлаймын, - дейді ол.

Дәрігердің ойынша, тиісті ақпаратты жастарға көбірек жеткізу керек.

Өйткені жастар көбінесе «жаспыз, бізде ауру жеңіл өтеді, сондықтан біздер ауырамыз да тұрамыз», деп ойлайды. Осы ретте айтарым, әр қазақтың үйінде үлкен кісі бар, ата-әжесі бар. Сондықтан сіз тек қана өзіңізді ойламаңыз, ата-анаңызды, ата-әжеңізді, туған-туысыңызды ойлауыңыз керек. Егер біз қазір вакцинаны жалпылай алмасақ, бұл індеттен басқаша қорғана алмаймыз. Тек вакцина ғана қорған. Сондай-ақ, түрлі ауыр дерті бар, мысалы, онкологиялық аурулары бар адамдар бар. Оларға екпе салуға рұқсат жоқ. Мұндай азаматтарды қалай қорғаймыз? Қоғам болып вакцина алсақ қана, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Қазір екпеге келіп жатқан адамдардың түсінігі түзіле бастаған. Үлкен кісілер еш жерде жұмыс істемейді. Оны жұмыстан ешкім жіберіп жатқан жоқ. Олар өз еріктерімен келіп жатыр. Сондықтан менің ойымша, ақпарат жақсы таралып жатыр. Адамдардың вакцинаға деген көзқарасы түзелген, оң. Бұдан да көбейе беретін сияқты, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Емханаға екпе алуға келген азаматтың бірі – отставкадағы полковник Павел Никольников. Ол бүгін вакцинаның алғашқы компонентін алған.

Денсаулығымда еш реакция байқалмады. Өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлердің қызмет сапасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бастан-аяқ тексерістен өткізді. Енді екінші компонентті 3 аптадан кейін аламын. Маскамен қашанғы жүреміз, қалыпты өмірге оралуға бірден-бір мүмкіндік осы вакцинация деген ойдамын, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Ал, елордалық 76 жастағы Айман апа вакцина салдырмау – қараңғылық деген пікірде.

Таңда келгенде адам көп болды. Үйдегі аталарың екеуміз келдік. Түстен кейін сіңлімді де алып келдім. Екпе салынған тұста сәл ауырлық сезіндім. Одан өзге белгі байқалмады, - дейді ол.

Светлана Әлиақпарова әлі вакцина салдырмаған. Бірақ, емханаларда вакцинация басталғанын естідім дейді.

Өзім әлі салдырмадым. Аздап қорқыныш бар, бірақ көзқарасым түзу. Әлеуметтік желілерде екпеге қарсылардың пікірін де оқып қоямын. Алайда бүгін қарап отырсам, осы емханаға келіп жатқандардың қарасы қалың, әрі адамдар вакцина жайлы ақпаратқа құлақ түреді, қызығады, ақпарат алады, білмегенін сұрап та жатыр. Соған қарағанда, екпеге сенбей, қарсылық білдіріп жатқандардың қандай да бір әсері бар деп ойламаймын, - дейді ол.

Айман Мұхтарқызы: Әр қазақтың үйінде ата-әжесі бар, жастар соны ескерсе

Айта кетейік, бұған дейін елордадағы №9 қалалық емханасының эпидемиолог-дәрігері Майра Рыспаева вакцина жайлы пікірімен бөліскен еді.

Өзгелердің жаңалығы