Аймағамбетов қаржылық дербестік туралы: Білім басқармалары мектептерге бостандықты бергісі келмейді

4 Мамыр 2022, 18:34
10521
Бөлісу:
Аймағамбетов қаржылық дербестік туралы: Білім басқармалары мектептерге бостандықты бергісі келмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов өңірлердің білім басқармаларының мектептерді қайта құруға қатысты жүргізіп жатқан жұмысын сынға алды.

Бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев мектептерді мемлекеттік мекеме нысанынан шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанына қайта ұйымдастыру жұмысы туралы баяндама жасаған болатын. Вице-министр биыл 98 мектепті қайта құру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жиында «бұлтты бухгалтерияға» көшу жұмысының барысы туралы да баяндалды.

Өз кезегінде министр Асхат Аймағамбетов өңірлердің Білім басқармалары басшыларынан жүйеге көшу жұмысы не себепті кешіктіріліп жатқанын сұрап, жұмыстарын сынға алды.

Биыл 98 мектепті қайта құру туралы айтты. Бірақ ол да жеткіліксіз. Білім басқармалары мектептерге бостандықты бергісі келмейді. Дәл осы жерде бюрократия тұр. Бұл тізгінді жібермеудің тәсілі ғой. Ай сайын сіздерге келіп, «мына қаржыны мына жаққа жіберейік, мына қаржыға рұқсат беріңіздерші» деп тұрғанды қалайсыздар. Президент бюрократиядан арылуды тапсырды. Сіздер керісінше басқа жаққа тартасыздар. Егер бұл жұмыс болмаса, онда бюджет те үнемделмейді. Оның мектептерге тиімділігі жоқ. Қазір мектептер ақшаны үнемдейді. Кейін сол үнемделген ақшаны сіздер алып қоясыздар, - деп айтты министр.

Аймағамбетов сол себепті де мектептер штатты да қысқартқысы және қаражатты да үнемдегісі келмейтінін айтты. Өйткені үнемдегеннің мектепке ешқандай да пайдасы жоқ. 

Біз жан басына қаржыландыруды не үшін енгіздік? Үнем болуы үшін, әр мектепте дербестік болуы үшін енгіздік. Бөлініп жатқан қаражатты тиімді үйлестіру үшін бердік. Егер тиімділікті ойласаңыздар, баяғыда еркіндік беруші едіңіздер. Ол - мемлекеттің саясаты. Сосын игеру үшін қажеті жоқ құжаттарға қол қоясыздар. Сөйтіп біреудің обалына қаласыздар. Шаруашылық жүргізу құқығына (ШЖҚ-ПХВ) мүмкіндікті берсеңіздер, бюджеттік қаражаттың тиімділігі артушы еді, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.

Министр «ПХВ-ға» (Шаруашылық жүргізу құқығы) көшпегендерді қаражатты аз алатындай етіп, әдістемеге өзгерістер енгізуді тапсырды. Ол білімге жұмсалатын қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы