«Бұлтты бухгалтерия». БҒМ жүйеге көшкен өңірлерді атады

4 Мамыр 2022, 17:43
4652
Бөлісу:
«Бұлтты бухгалтерия». БҒМ жүйеге көшкен өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында бұлтты бухгалтерияны енгізуге қатысты мәлімет берді.

«Бұлтты бухгалтерияны» енгізудегі негізгі мақсат – бөлінетін бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ орталық өңір коммуникациясында жеделдікті арттыру. Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «бұлтты бухгалтерияға» толығымен 9 өңір өтті. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Жамбыл облыстары, - деп айтты вице-министр.

Оның мәліметінше, 7 өңір ішінара өтіп отыр. Бұл – Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстары.

Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл жұмысты толығымен жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ақтөбе облысы әлі бұл жүйеге көшкен жоқ. Оның себебі бухгалтерлік есеп пен есептілікті автоматтандыру жұмысының аяқталмауына байланысты. Ақтөбе облысы Білім басқармасының ақпараты бойынша осы міндетті жүзеге асыруды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деп түсіндірді Бейсембаев ведомствоның жиынында.

Айтуынша, жоба толық енгізілген жағдайда басқару органдары бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бірқатар экономикалық және әлеуметтік оң ықпалға ие болады.

Біріншіден, ведомстволық бағынысты ұйымдарда бірінші кезекте бастапқы деректер негізінде жедел және дұрыс мониторинг есебінен қаржылық тәртіпті бақылау кұшейтіледі. Екіншіден, қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдерді есептеу жүйесінің ашықтығы артып, жалақы төлеу мәселелері бойынша өтініштер санын едәуір қысқаратыны сөзсіз. Сонымен қатар ұлттық базамен интеграция есебінен мектептер мен балабақшалардың нақты контингентіне сәйкес шығыстар дұрыс есепке алынады, - деп толықтырды БҒМ басшысының орынбасары.

Бейсембаевтың айтуынша, толығымен бұлтты бухгалтерияға көшкен өңірлердегі білім басқарламаларының ақпараты бойынша жобаны енгізу бюджет қаражатының тиімділігін арттыру үшін ішкі резервтерді іздестіруге мүмкіндік берді. Бұлтты бұхгалтерияны енгізу нәтижесінде шамамен өңірлерде миллиардтаған қаржы үнемделген.

Өзгелердің жаңалығы