Аймағамбетов коронавирусқа қарсы екпені алғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті

24 Желтоқсан 2020, 16:00
4472
Бөлісу:
Аймағамбетов коронавирусқа қарсы екпені алғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан онлайн брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Коронавирусқа қарсы екпені алғаш рет салдырған министрдің бірі Асхат Аймағамбетов екпені алғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті.

Бұл біздің Қазақстан ғалымдарының үлкен әлеуетін көрсетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ғалымдарымыз керемет жұмысты жүргізді. Кей уақытта ғалымдарымыздың қандай деңгейде екенін түсінбей жатамыз (министр – пікірлерді оқысаң). Бірақ ғалымдарымыз осындай керемет вакцинаны дайындап шығарды. Ол өте қысқа мерзімде әзірленді. Мамыр айында дайын болды. Кейін ол бойынша жұмыс жүргізілді. Клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіліп біткеннен соң бірнеше ғалымымыз өздеріне екпені салып, кейін анализ нәтижелерін көрдік. Жалпы екпе бойынша ешқандай қауіп жоқ екеніне көзіміз жетіп отыр. Мен де осы ғалымдарымызды қолдау үшін екпені өзіме салдыруға шешім қабылдадым. Оны тамызда алдым. Бүгінде бірнеше ай өтті. Дене қызуым көтеріліп не басқа да мәселелер, қиындықтар болған жоқ. Оны мен толық айта аламын. Иммунитет бойынша тиісті антиденелер пайда болды. Оны Алматы қаласына барып, зерттеу болып жатқан лабораторияға қанымды тапсырып, осы нәтижеге көзіміз жетті, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Дегенмен осындай иммунитет пайда болса да қазір санитарлық талаптарды бұзбау қажет. Яғни маска тағу, арақашықтық сақтау бойынша барлық талапты сақтап жүргенін жеткізді.

Бізде бекітілген тәртіп бар. Алдымен вакцинаны дайындайды. Кейін клиникаға дейінгі кезеңнен өткізу керек. Одан өткіздік. Оның өзінің мерзімі бар. Мерзіміне дейін асығыстық танытуға болмайды. Зерттеулердің нәтижесін ДСМ тексерді. Тексерістен соң клиникаға дейін бастауға болады деген тұжырымға келді. Қазіргі таңда еріктілерге екпені салып жатыр. Жоспарға сәйкес 3 мың адам вакцинаны қабылдауы керек. Ол адамдар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. Яғни скрининг жүргізіп, анализін уақытылы алып отыру бойынша ғылыми негізде жұмыс жүргізілуде, - деді министр.

Ол асығыс танытпай, халыққа қауіпсіз болуы үшін барлық талапты сақтап, ғалымдар жұмысты жүргізіп жатқанын айтты.

Айта кетейік, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу жүргізіліп жатқандығы туралы айтқан болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы