Аймағамбетов Ақмоладағы ауыл мектептерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты

23 Маусым 2022, 16:29
1540
Бөлісу:
Аймағамбетов Ақмоладағы ауыл мектептерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола облысындағы ауыл мектептерін сынға алды. Бұны министр Facebook-тегі жазбасында айтты.

Ақмола облысындағы бірнеше ауыл мектебін араладым. Бұл мектептердің жағдайы, тәртібі, тазалығы, жабдықталуы, басшылардың тапсырмалар мен өз міндеттерін түсінуі сияқты мәселелер көңіл көншітпейді. Жұмыс мектеп басшылары деңгейінде дұрыс жүргізіліп отырған жоқ. Сонымен қатар мектеп кітапханаларының жұмысы да талапқа сай емес. Бұл әкімге, басқарма басшысына емес, директордың жұмысына байланысты, - деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетов Ақмоладағы ауыл мектептерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты

Министр өзінің жұмыс сапарлары кезінде мектептерден үлгі аларлық жұмыстарды да, кемшіліктерді де байқайтынын айтты.

Енді жұмыстың жағымды бөлігіне де тоқталайын. Республикалық «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған Ақмола облысының Жоғары техникалық колледжінде болдым. Материалдық-техникалық жағынан тиісті деңгейде жабдықталған. Түлектердің жұмысқа орналасуы мен жұмыспен қамтылуы 97 пайыз. Ұжымның мақтауға тұрарлық жұмысын да елемеуге болмайды. Өндірістік оқыту шеберлері және арнайы пән оқытушылары өз жұмысы мен міндетін біледі. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылған. Қаңтар мен наурыз аралығында студенттер шетелдік компанияларда ақылы өндірістік тәжірибеден өткен. Сонымен бірге жұмыс берушілердің қатысуымен демо-емтихандар да өткізіледі. Онымен қоса, колледжде практикалық сабақтарда өндірілген өнімдерді сату жұмыстары жолға қойылған, - деді Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетов Ақмоладағы ауыл мектептерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты

Сондай-ақ министр Щучинск қаласындағы жаңа «Білім-инновация» IT лицейінде де болғанын, ол білім ордасының көңілінен шыққанын айтты.

Мектептің педагогикалық құрамының сапасы, материалдық-техникалық базасы, сапалы жұмысы мен ауқымды жоспарлары көңілден шықты. Мұнда оқыту процесіне стандартты түрде емес, шығармашылық тәсілдер арқылы қарайды, онымен қоса, ең бастысы өз ісіне шын ықыласпен қарайтын мұғалімдердің бары қуантты. Әріптестеріміз білім беру бағдарламаларына, ІТ лицейлердің үлгілеріне өз ұсыныстарын дайындауға келісімін берді. Ал біз алдағы уақытта соған қатысты тиісті шешім қабылдаймыз. Осы білім беру ұйымының барлығына тапсырмалар беріп, оларды орындау мерзімдерін белгіледім, - деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов. 

Өзгелердің жаңалығы